Университет басшылары Гарвард бағдарламасы бойынша білімін жетілдірді

(0 Votes)

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Harvard Business Impact бағдарламасы аясында «Көшбасшылық және адамдарды басқару» тақырыбында екі күндік оқыту семинары ұйымдастырылды. Университеттің басқарушы құрамына арналған бағдарлама заманауи менеджмент қағидаттарын меңгеруге, көшбасшылық құзыреттерді дамытуға және командалық басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталды.

 Семинар Harvard ManageMentor платформасының Leading People («Адамдарды басқару») курсының материалдары негізінде әзірленді. Аталған курс көшбасшылықтың заманауи тұжырымдамаларын, ұйым ішіндегі өзара сенімді қалыптастыру тәсілдерін, эмоционалдық интеллектіні дамыту және қызметкерлердің кәсіби әлеуетін ашу жолдарын қамтиды.

 Оқыту бағдарламасы теориялық материалдарды практикалық тапсырмалармен, жеке талдаумен және топтық пікірталастармен ұштастыру форматында өтті. Бұл қатысушыларға көшбасшылықтың негізгі қағидаттарын қарастырып қана қоймай, оларды университеттің күнделікті басқару тәжірибесінде қолдану мүмкіндіктерін талдауға жағдай жасады.

Көшбасшылықтың негіздері және жеке басқару стилі

Семинардың алғашқы кезеңі тиімді көшбасшының қасиеттерін анықтауға, басқарушылық мінез-құлықтың ерекшеліктерін түсінуге және жеке көшбасшылық стилін бағалауға арналды. Қатысушылар көшбасшылықтың мәні, басшының командаға ықпалы, қызметкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдыру және қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Бағдарлама аясында тұлғаның бес негізгі қасиетін бағалауға арналған Big Five («Үлкен бестік») моделі қарастырылды. Бұл тәсіл адамның жаңа тәжірибеге ашықтығын, жауапкершілігін, қарым-қатынас ерекшеліктерін, өзгелермен тіл табысу қабілетін және эмоционалдық тұрақтылығын талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылар басшының кәсіби беделі мен адамдарға деген құрметі арасындағы тепе-теңдіктің маңызын зерделеді. Көшбасшылық тек міндеттерді бөліп, нәтижені бақылаумен шектелмейтіні, оның негізінде сенім қалыптастыру, қолдау көрсету және қызметкерлердің мүмкіндіктерін дамыту қағидаттары жататыны атап өтілді.

Стратегиялық көзқарас, эмоционалдық интеллект және командалық сенім

Оқытудың келесі кезеңі көшбасшылық құзыреттерді тереңдетуге және басқарудың практикалық құралдарын меңгеруге бағытталды. Қатысушылар жеке көшбасшылық ұстанымдарын айқындап, басқарушылық құндылықтар мен стратегиялық көзқарасты қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Әрбір басшының өз командасы үшін нақты мақсат белгілеп, сол мақсатқа жету жолдарын қызметкерлерге түсінікті жеткізе білуінің маңызы қарастырылды. Семинардың маңызды бағыттарының бірі эмоционалдық интеллект болды. Бұл бөлімде өзін-өзі тану, эмоцияларды басқару, күрделі жағдайларда салмақты шешім қабылдау, әріптестермен тиімді коммуникация орнату және келіспеушіліктерді конструктивті шешу тәсілдері талданды. Командадағы өзара сенімді қалыптастыру тақырыбы да кеңінен қамтылды. Қатысушылар сенімнің үш негізгі құрамдас бөлігі – шынайылық, кәсіби негізділік және эмпатия ұғымдарын қарастырды. Сонымен бірге психологиялық қауіпсіздік мәдениетін дамыту, қызметкерлердің бастамаларын қолдау, жауапкершілікті тиімді бөлу және кәсіби өсуге мүмкіндік жасау мәселелері бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындалды.

Теориядан тәжірибеге: 90 күндік даму жоспары

Семинардың басты ерекшеліктерінің бірі – алынған білімді нақты басқарушылық әрекеттерге айналдыруға басымдық берілуі. Оқыту барысында қатысушылар өздерінің көшбасшылық тәжірибесін саралап, кәсіби дамуды қажет ететін бағыттарын анықтады. Бағдарламаның қорытынды кезеңінде алдағы 90 күнге арналған жеке іс-қимыл жоспарлары әзірленді. Бұл жоспарларда командалық сенімді нығайту, қызметкерлерді шешім қабылдау үдерісіне тарту, өзара коммуникацияны жақсарту және кәсіби дамуды қолдау бойынша нақты қадамдар қамтылды. Сондай-ақ қатысушылар шағын топтарда бірлескен жұмысты жалғастыру және меңгерген тәсілдерді тәжірибеде қолдану нәтижелерін өзара талқылау мәселелерін пысықтады.

 Қатысушыларға сертификаттар табысталды 

 Екі күндік оқыту бағдарламасының қорытындысында семинарға қатысушыларға сертификаттар табысталды. Harvard Business Impact бағдарламасы аясындағы бұл семинар университеттің басқарушы құрамының кәсіби құзыреттерін жетілдіруге бағытталған маңызды білім беру бастамаларының бірі болды. Заманауи жоғары білім беру жүйесінде басқарудың тиімділігі академиялық үдерістерді ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Ол адами капиталды дамыту, қызметкерлердің бастамашылдығын қолдау, ортақ құндылықтар қалыптастыру және өзгерістерге бейімделе алатын кәсіби команданы біріктіру қабілетімен де тығыз байланысты. Семинар барысында әзірленген жеке даму жоспарлары мен талқыланған басқару тәсілдері университеттің ішкі басқару мәдениетін жетілдіруге, құрылымдық бөлімшелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған алдағы жұмыстарға негіз болмақ.

 Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT