Туған жерге деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінеді. Соның бірі – қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатты қорғау және қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау. «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мәні де осындай азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Атырау өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру ерекше маңызға ие. Жайық жағалауын қоқыстан қорғау, көшелерді таза ұстау, жасыл желекті көбейту және отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау – әр тұрғынның ортақ ісі. Мұндай жұмыстарға жастардың белсенді араласуы да игі үрдістің қалыптасуына ықпал етеді.
Табиғатқа жасалған қамқорлықтың қайтарымы мол. Бүгін таза ұсталған аула, қорғалған ағаш пен ластанбаған жағалау ертеңгі ұрпаққа қалатын құндылыққа айналады. Сондықтан туған өлкенің тазалығын сақтау – елге деген құрметтің бір көрінісі.
Нұрсұлтан ӘЛІМБЕК,
Атырау қаласы.



