Тұщықұдықтың тазалығы тұрақты бақылауда

Тұщықұдықтың тазалығы тұрақты бақылауда
(0 Votes)

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округінде елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ауылдардың көркін келтірумен қатар, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Осы бағытта Тұщықұдық ауылы мен Қызыл үй елді мекенінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Таза Исатай» КММ атқаруда. Мекеме мамандары ауыл ішіндегі қоғамдық орындар мен аумақтарды қоқыстан тазалап, санитарлық талаптардың сақталуына тұрақты түрде көңіл бөліп келеді.

Тазалық жұмыстары тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Көгалдандырылған аумақтарды күтіп ұстау, арамшөптерден тазарту, ауыл көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдарының айналасын ретке келтіру де күн тәртібінде. Тұщықұдық ауылындағы Жеңіс саябағы, Комплекс паркі, Тұщықұдық саябағы және Жаңа парк секілді қоғамдық демалыс орындарындағы тал-теректер де күтімге алынған.

Көгалдандыру жұмыстарына да айрықша мән берілуде. Көктемгі маусымда ауыл аумағындағы жаңа көгалдандыру қоршауына 500 дана тал-терек көшеті отырғызылған. Ал күзгі тал егу науқанына дайындық барысында 0,09 гектар аумақта қоршау жұмыстары жүргізіліп, су жүйесі тартылған. Бұл – көгалдандыруды бір реттік науқан емес, тұрақты жұмыс ретінде қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.

Сонымен қатар ауыл аумағында тазалық шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. 2026 жылғы көктемгі тазалық маусымында 18 мәрте жаппай сенбілік өткізіліп, ауыл айналасы тазартылды. Жаяу жүргіншілер жолдарының маңындағы арамшөптер «Жасыл ел» жасағының күшімен ретке келтірілуде.

Ауылдың шеткі арқа бетінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар алаңшасын тазарту жұмыстарына да мән берілген. Бұл бағытта «Жайықмұнайгаз» мекемесінің техникасы демеушілік көмек ретінде тартылып, аумақты тазарту жұмыстарына қолдау көрсетуде.

Тазалық – бір күндік науқанның емес, күнделікті жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының мәні көшелерді тазартумен ғана шектелмей, елді мекеннің әр тұрғынында туған жеріне деген жанашырлық сезімін қалыптастырумен сабақтасады. Тұщықұдық ауылдық округіндегі жүйелі жұмыстар да осы ұстанымның нақты көрінісі.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT