Қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қалдықтарды қауіпсіз басқару мәселесі бүгінде әлемдегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын ұстанатын ірі кәсіпорындар табиғатқа түсетін салмақты азайту үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – «Теңізшевройл» ЖШС-нің «ТеңізЭкоОрталық» кешені.
Бірегей нысан 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда ТШО-ның өндірістік алаңдарынан және мердігер ұйымдардан келетін қалдықтар қабылданып, сұрыпталады, қайта өңделеді және қауіпсіз түрде кәдеге жаратылады. Осы уақыт аралығында орталыққа шамамен 2 миллион тонна қалдық жеткізілген.
Мамандардың мәліметінше, өндірістік қызмет барысында 61 түрлі қалдық түзіледі. Оның 30-дан астам түрі қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл кәсіпорынның экологиялық жауапкершілік деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Кешеннің басты мақсаты – қалдықтарды мүмкіндігінше қайта пайдалану және қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға келетін әсерді азайту. Мұнда тас, ағаш және қағаз қалдықтары арнайы жабдықтардың көмегімен ұсақталады. Ал пластик бөтелкелер мен картон қалдықтары престеліп, әрі қарай қайта өңдеуге жөнелтіледі. Мәселен, ұсақталған макулатурадан Атырау қаласында дәретхана қағазы өндіріледі.
Соңғы жылдары қалдықтарды басқару көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қайта өңделген қалдықтардың үлесі 78 пайызға жеткен. Бұл полигондарға жіберілетін қалдық көлемінің азайғанын және жағылатын қалдықтардың үлесі айтарлықтай төмендегенін білдіреді.
«ТеңізЭкоОрталығы» және қалдықтарды басқару тобының басшысы Рүстем Қоңырбаевтың айтуынша, қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар арнайы рұқсатпен жұмыс істейтін полигондарға орналастырылады.
– «ТеңізЭкоОрталықтың» жалпы аумағы 102 гектарды құрайды. Мұнда екі полигон орналасқан. Оның бірі өндірістік қалдықтарға, екіншісі тұрмыстық қалдықтарға арналған. Әр полигон мемлекеттік рұқсат құжаттары негізінде жұмыс істейді және белгіленген талаптарға сәйкес қалдықтарды қабылдайды. Биыл полигондарға 21 түрлі қалдықты қабылдауға рұқсат берілді. Сонымен қатар картон, пластик және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеп, қайта пайдалануға жарамды фракцияларды бөліп алу жұмыстары жүргізіледі, – дейді ол.
Нысанда экологиялық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Апта ішінде бірнеше рет ішкі тексерулер жүргізіледі. Бұдан бөлек, экологиялық талаптардың орындалуын қадағалайтын арнайы топ тәуелсіз бақылау жүргізеді. Осылайша экологиялық қауіпсіздік үш деңгейлі бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында орталық мамандары Жылыой ауданының тұрғындарын өндіріс алаңына арнайы шақырып, кәсіпорын жұмысымен таныстырды. Келушілер қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, ұсақтау және престеу процестерін өз көздерімен көріп, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарды қою мүмкіндігіне ие болды.
Экскурсияға қатысқан жергілікті тұрғын Бақытгүл Өтегенова мұндай нысандардың өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Құлсары қаласында да полигондар бар. Дегенмен осындай заманауи технологиялармен жабдықталған кешендер көбірек болса деймін. Бүгін бәрін өз көзімізбен көріп, көңіліміз орнықты. Мұнда ешқандай өрт жоқ, жағымсыз иіс те сезілмейді. Барлық жұмыс жүйелі әрі ашық ұйымдастырылған. Экологияға зиян келтірмейтін осындай заманауи нысандар көбейсе екен, – дейді ол.
Қазіргі уақытта өндірістік алаңда 10-нан астам арнайы техника жұмыс істейді. Мұнда 51 қызметкер вахталық әдіспен еңбек етеді. Оның 70 пайызы – Жылыой ауданының тұрғындары.
Бұл кәсіпорынның экологиялық мәселелерді шешумен қатар, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да үлес қосып отырғанын көрсетеді.



