(эксклюзив)
3 қыркүйек – Тазы мен төбет күні. Бұл күннің ресми бекітілуі ұлттық ит тұқымдарының қадірін арттырып, қазақтың дәстүрлі аңшылық мәдениетін дәріптеуге жол ашты. Тазыға қызығушылықтың артуы этнография мен ұлттық мәдениетке ден қойған туристердің назарын аударумен қатар, кинология саласының дамуына да серпін бере алады.
Атырауда тазы баптап, оның бабын аңшылықта сынап жүрген азаматтардың бірі – Бекболат Әміржанов.

Бекболатпен әңгімелескенде оның атбегілікке деген ықыласы тазыға деген қызығушылығынан бұрын қалыптасқанын білдік. Осыдан үш-төрт жыл бұрын көкпар аттарын ұстап, баптай бастаған. Аттарды Алматы мен Қырғыз Республикасынан алдыртып, Атыраудың көкпарына қосқан.
Жылқыны жаттықтырып жүргенде оның жанында дала кезіп бірге жүретін серік керек болады. Сейіл құрып, аңшылыққа шыққанда тазының орны бөлек екенін түсінеді. Осылайша тазы әлеміне алғашқы қадамы жасалады.
Оған бұл жолды көрсеткен адамдардың бірі – Еркебұлан есімді тазы жанашыры.

Атырауда тазы баптаумен айналысып жүрген Еркебұлан Бекболатқа өзінің Көксадақ атты тазысын сыйға тартады. Көксадақпен бірге аңшылыққа шығып, тазының табиғатын тани бастайды.
Кейін Батыс Қазақстан жақтан «Сұңқар» атты тазыны алады. Алайда Бекболаттың қызығушылығы қарапайым аңшылықпен шектелмейді. Оның көздегені – жыртқыш аңға түсетін, ірі әрі мығым тазыларды танып, олардың қатарын көбейту.

– Негізі өзім атбегілікке, ұлттық дүниеге жақын адаммын. Ат ұстап, көкпар аттарын баптап жүрген кезімде, аттың жанында тазы болса екен деп ойладым. Сол кезде Еркебұлан деген бауырыммен танысып, алғашқы тазым – Көксадақты алдым. Ол маған тазы таңдауды, баптауды, аңға қалай шығуды, ізге қалай түсу керегін көп үйретті. Содан кейін тазының түр-түрін танып, әсіресе жыртқыш аңға түсетін ірі тазыларды жинауға кірістім, — дейді Бекболат Жанболатұлы.

Бүгінде оның байлауында он шақты тазы бар. Олардың арасында Атыраудан бөлек, Астана, Алматы қалаларымен қатар, Қарағанды, Жамбыл секілді еліміздің әр өңірінен әкелінгені де кездеседі.
Тазы ұстау сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ күшік кезінен бастап оған күтім керек. Бекболат Жанболатұлының айтуынша, оның қиындығы да осында.
Күшіктің дер кезінде екпе алуы, дұрыс тамақтануы, сүйек-бітімінің қалыптасуы – бәрі тазының кейінгі бабына әсер етеді. Әсіресе аурудың алдын алу маңызды. Күшік кезінде тиісті екпесі жасалмаса, қауіпті аурулардан көз жазып қалу ықтимал.
Одан бөлек, кальций секілді қажетті қоректік заттардың жеткілікті болуы да аяқ сүйегінің қалыптасуына әсер етеді. Ал жарақат алған итті қайта жүгіртуге болмайды. Бапкер үшін тазының нәтижесі емес, алдымен оның амандығы маңызды.
Тазының бабын келтіру – күн сайынғы күтіммен қатар, оның денсаулығын, жүрісін, мінезін бақылауды қажет ететін үлкен еңбек.

Бекболаттың аңшылықтағы ұстанымының да өзіндік ерекшелігі бар. Ол тазыны мылтықсыз алып шығуды жөн көреді. Оның түсінігінде, баптап өсірген тазымен аңға шығудың әсері бөлек.
Аңды иттің өз күшімен алып, ұзақ ізденістен кейін нәтижеге жету – бапкер үшін еңбектің ақталған сәті. Қоян мен түлкіні тазының көмегімен ғана алған кездері де өте көп.
– Аңшылыққа тазымен шыққан мен үшін ең қызық аңшылықтың бірі. Өзім мылтықпен шыққанды ұнатпаймын, тазымен таза аңшылық жасағанды жақсы көремін. Баптап, еңбектеніп өсірген аңшы итіңнің аңға жеткенін көру адамға ерекше сезім береді. Әрине, мылтықпен шығатындарды аңшы емес деп айтпаймын, әркімнің өз таңдауы бар, — дейді ол.
Бұл жерде тазының аң аулау тәсілі де біркелкі емес. Бірі ізге түседі, бірі көрген аңын қуады. Кейбірі алға ұзап кетсе, енді бірі көліктің маңынан қалмайды. Қамыстың арасына кіріп кеткен аңның соңына түсіп, інінің аузына дейін барып тоқтайтын тазылар да бар.
Тазының мінезін сөзбен айтып түсіндіру қиын. Оны күн сайын қасында жүріп, аңға бірге шығып жүрген адам ғана терең сезінеді.
Кейде тазы аңды ала алмай қалады. Із шатасады. Аң жоғалады. Сол кезде иттің де көңіл-күйі өзгеретіні байқалады. Бекболат тазының өзіне ренжігендей, басын төмен салып, иесінің қасына келіп тұратын кездерін көрген.
Бірақ бір оқиға оның тазыға деген көзқарасын одан әрі қалыптастырғаг көрінеді.
Былтыр аңшылық маусымында өзі бұрын «жүгірмейді» деп ойлаған тазыларының бірі тас қараңғыда жалғыз өзі борсыққа түсіп, оны алып шығады. Иттің қай жерде жүргенін тіпті көліктің жарығынан көрмеген. Тек дыбысынан бағытын анықтап, іздеп тапқан.
Тазы иесінің алдына келгенде, оның қылығынан «алдым» дегендей мақтаныш байқалған. Бекболат үшін бұл – тазының адам түсіне бермейтін қасиеттерінің бірі.
Әңгіме барысында Бекболат тазыны аңшылық жануары ретінде қарамайтынын бірнеше рет атап өтті. Оның түсінігінде, тазы – қазақтың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылық.
Тазыны жеті қазынаның бірі деп білетін қазақ үшін оның орны ерекше. Қазір қала ішінде адасып қалған тазыны көрген адамдардың өзі әлеуметтік желіден иесін іздеуге тырысады. Себебі қазақ үшін тазының бейнесі жат емес.
– Тазы – жеті қазынамыздың бірі, ұлттық құндылығымыз. Оны ата-бабамыздан балаға, ұрпаққа жеткен аманат деп білемін. Қазір тазымен кетіп бара жатсаң, оны көрген қазақтың көпшілігі таңғалып, жақсы көріп тұрады. Басқа иттерден қорқып, үркіп жататын адамдарды көресің, ал тазыға деген көзқарас бөлек. Тазының адамға зиян келтіруі, қабуы өте сирек кездеседі, өйткені ол өзінің иесіне берілген жануар, – дейді кейіпкеріміз.
Ол тазының да түрі көп екенін айтады. Алпауыт, шашақ, жарғақ секілді түрлері бар. Жыртқыш аңға түсетін алпауыт тазылардың мінезі де бөлек. Сондықтан тазыны тану – оның сыртқы сымбатына қарап қана баға берумен қатар тұқымын, болмысын, аңшылық қасиетін зерттеу.
Бекболаттың тазыларының арасында «Сыйлық» атты иттің орны ерекше.
Ол тазыны Қарағандыдағы Құсбек есімді атақты тазы баптаушыдан алған. Алғаш хабарласқанда Құсбек аға тазы сатпайтынын айтып, ұсынысын қабылдамаған.
Кейін жақын танысу арқылы олардың арасындағы әңгімені басқа арнаға бұрады. Құсбек итбегі өзіндегі атақты «Үлкен Жолдының» ұрпағынан күшік беруге уәде етеді.
Ол күшік Бекболаттың қызы Әдиямен бірге өседі. Қызы тазыны ерекше жақсы көріп, оны бағып-қағуға араласады. Сөйтіп, «Сыйлық» отбасының бір мүшесіндей болып кетеді.
Алайда оның шын табиғаты кейін аңшылықта ашылады.
Бір жолы аңшылық кезінде қасқыр қашып, оның соңынан «Сыйлық» түседі. Тазы жоғалып кетеді. Іздеп таппаған соң Бекболат үмітін үзе бастайды. Содан тазы жоғалғаннан кейін Бекболат аудандық полицияға хабарласып, итінің суретін жіберіп, табуға көмектесуді сұраған. Бірақ тазының қайда жүргенін үш күннен кейін Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлайды. Тәртіп сақшылары тазының суретін жолдайды. Ит адамға жақындамай, сол маңда жүріпті. Бекболат шамамен 250 шақырым жол жүріп, тазыны іздеп барады.
Сол жерде жергілікті балықшылардан ерекше әңгіме естиді. Олар бірнеше күн бұрын су келген маңнан қасқыр қашып бара жатқанын, оның соңынан мойнында қызыл жібі бар иттің қуып бара жатқанын көргенін айтады.
Сонда ғана Бекболат «Сыйлықтың» бекер жоғалып кетпегенін түсінеді. Ол қасқырдың соңына түсіп, ұзап кеткен.
Тазы аман-есен табылып, үйіне қайтады. Бұл оқиға Бекболаттың есінде ерекше сақталып қалған.
– Күшікті алған кезде оның қасқырға түсетін атақты тазылардың тұқымы екенін білдім. Құсбек аға ол қасқырдың иісін сезсе, ұстатпайтынын айтты. Биыл енді Сыйлықты қасқырға салуға дайындап жатырмыз. Күн салқындап, сейіл құратын уақыт келгенде, оның бабын сынап көреміз, — дейді Бекболат Жанболатұлы.
Бекболаттың айтуынша, Атыраудың тазылары өңірлердегі түрлі жарыстар мен көрмелерге қатысып жүр. Батыс аймақтық лигаларында да өнер көрсеткен.
Бірақ мұның бәрін жүйелі түрде жалғастырып, республикалық деңгейге көтеру үшін ұйымдастыру жұмысы мен қолдау қажет. Бекболаттың сөзінше, Атыраудағы мықты тазылардың бәрін көпшілікке таныту, олардың мүмкіндігін көрсету – тұқымды сақтаудың бір жолы.
Сондықтан ол алдағы жылдары Атырауда Тазы күнін ауқымды түрде өткізуді жоспарлап отыр. Басқа облыстардан қонақтар мен сарапшылар шақырып, ұлттық тұқымға қатысты тәжірибе алмасатын орта қалыптастыруды көздейді.
Бекболат тазы ұстаушылардың алдында мәселе аз емес екенін жасырмайды. Федерация тарапынан қолдау керектігін жоққа шығармайды.
Бірақ оның өзі де бұл іске сырттан көмек күтумен қарап отырған жоқ. Тазыға келгеніне екі-үш жыл ғана болса да, осы уақыт ішінде тұқым таңдауды, баптауды үйреніп, өз тәжірибесін қалыптастырып келеді.
Бүгінде оның күшіктеріне көрші елдерден де қызығушылық бар. Қарақалпақстан мен Өзбекстаннан күшіктерін сатып алып жатқандар кездеседі. Өзі баптап өсірген күшіктердің аңға ауызданып, қабілетін көрсеткенін көру – еңбегінің қайтқанының белгісі.
– Біздің басты мақсатымыз – қазақтың тазысын әлемдік деңгейге жеткізу. Атыраудың өзінде жақсы тазылар көп, тап-таза аңға шығып жүргендері де, стандартқа сәйкес келетіндері де бар. Солардың бәрін жарыққа шығарып, елге көрсету, тұқымды сақтап дамыту үшін көп еңбек керек. Бізге қолдау да қажет, бірақ өзіміз де қарап отырмаймыз. «Шырға» секілді жұмыстарды жалғастырып, республикалық жарыстарға қатысып, Атырау тазыларының атын шығаруға тырысамыз, — дейді ол.
Алмас ҚАБДОЛ



