Қарт Каспийдің көгілдір айдыны мен Нарынның құмды белестері тоғысқан Исатай өңірінің табиғаты өзгеше. Бір жағында – теңіз тынысы, екінші бетінде – ұшы-қиырына көз жетпейтін құмды алқап. Осындай табиғи ерекшелігімен дараланған өлкенің көркін сақтау қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, тазалықты күнделікті дағдыға айналдыруды талап етеді.
Кең даланың бір шетінде бейберекет шашылған тұрмыстық қалдықтың өзі уақыт өте келе табиғи ортаға салмақ түсіреді. Ал елді мекендердегі тазалықтың төмендеуі ауылдың ажарына ғана емес, тұрғындардың өмір сүру ортасына да әсер етеді. Сондықтан аудан үшін тазалық мәселесі көшені сыпырып, қоқысты шығарумен шектелмейді. Бұл – табиғи аумақтарды қорғау, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық талаптарды сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды қатар қамтитын ауқымды жұмыс. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы осы бағыттағы жұмыстарға тың серпін берді. Бастама аясындағы жұмыстардың өзегі – елді мекендердің көркін арттырумен бірге табиғатқа деген жауапкершілікті қоғамдық санаға орнықтыру.
Тазалықтың шынайы нәтижесі өткізілген сенбіліктердің санымен емес, одан кейінгі күндері қалыптасқан тәртіппен өлшенеді. Қоқысты белгіленген орынға тас-тау, қоршаған ортаны ластамау, туған жердің табиғи келбетіне жанашырлық таныту – экологиялық мәдениеттің нақты көрінісі.
Бүгінде Исатай ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл бағыттағы бастамалар қандай нәтиже берді? Елді мекендердегі тазалықты тұрақты сақтауға қандай мәселелер кедергі келтіреді? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы Утегеновпен әңгімелескен едік.

–Нұрберген Мұратұлы, «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстардың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Ауданда бұл бастама нақты қандай өзгерістерге жол ашты? Биыл тазалық пен абаттандыру бағытында қандай нәтижелерді ерекше атап өтер едіңіз?
–Жалпы, ауданымыз табиғи жағдайы күрделі шөлейтті-батпақты аймақта орналасқанымен, табиғи келбетімен ерекшеленетін өлке. Бір жағымызда – қасиетті Қарт Каспий, енді бір тұсымызда – Нарын құмы. Осы бір-біріне қарама-қайшы табиғи ландшафттар ауданымыздың өзіндік ерекшелігін қалыптастырып, туристік әлеуетін арттырып отыр. Жыл сайын өңірдің табиғатын тамашалап, Каспий жағалауы мен Нарын құмының көрінісін көруге келетін туристер саны да артып келеді.Осындай табиғи байлықты сақтау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және табиғи аумақтарға ұқыпты қарау бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Мәселен, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында соңғы бес жылда бюджет қаражаты есебінен аудан аумағына 29 200 түп ағаш отырғызылды. Ал биыл сәуір айында ұйымдастырылған «Ағаш отырғызу» іс-шарасы кезінде аудан көлемінде тағы 865 көшет егілді. Бұл жұмыстардың мәні тек елді мекендерді көгалдандырумен шектелмейді. Жасыл желек көлемін арттыру арқылы қоршаған ортаның сапасын жақсарту, елді мекендердің көркін қалыптастыру және табиғи ортаға түсетін салмақты азайту көзделеді. Сондықтан көгалдандыру ісі – ауданның бүгінгі көркін ажарландыратын жұмыс қана емес, табиғи ортаның тұрақтылығына бағытталған ұзақ мерзімді шара. Табиғи мұраны сақтау – оны бүгін тамашалау үшін ғана емес, себебі келер ұрпаққа сол қалпында жеткізу үшін қажет. Осы тұрғыдан алғанда, тазалық пен көгалдандыру жұмыстары мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі деп білемін.
– Ауданда тазалық пен абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Дегенмен осы жұмыстарға қарамастан, қоғамдық орындарда, аулалар мен елді мекен аумақтарында қоқыс тастау, санитариялық тазалық талаптарын сақтамау сияқты жағдайлар әлі де кездеседі. Мұндай әрекеттерге заңнамада қандай жауапкершілік қарастырылған? Тұрғындардың тазалық сақтау талаптарын орындауын бақылау және түсіндіру жұмыстары аудан көлемінде қалай жүргізілуде?
– Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, ең алдымен, әр азаматтың күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. Дегенмен тазалық талаптарын сақтау тек қоғамдық санаға байланысты мәселе емес, оның заңнамалық негізі де бар. Ауданда тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар орналасқан аумақтарда санитариялық тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуына қатысты түсіндіру және бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл ретте тұрғындарға талаптарды түсіндірумен қатар, заң бұзушылықтарға жол берілген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Жыл басынан бері 119 азаматқа ескерту түрінде хаттама толтырылып, 19 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Бұл көрсеткіштер тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қараудың әлі де өзекті екенін көрсетеді. Сонымен қатар тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру үшін бақылау шараларымен қатар, елді мекендердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін инфрақұрылым да күшейтіліп келеді. Биыл аудан орталығы Аққыстау ауылындағы Мұнайшы және Ынтымақ көшелерінің қиылысына бір бағдаршам және 52 бейнебақылау камерасы орнатылып, іске қосылуда. Бейнебақылау құралдары қоғамдық тәртіпті бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және елді мекендердегі жағдайды бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Абаттандыру мен санитариялық тазалық жұмыстары да жоспарлы түрде жалғасуда. Биыл көктемгі және күзгі кезеңдерде елді мекендерді көріктендіру және санитариялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында екі айлық өткізу бекітілді. Аталған жұмыстар Исатай ауданы әкімдігінің 2026 жылғы 17 наурыздағы №63 қаулысы негізінде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері аудан аумағында өткізілген сенбіліктерге 2 071 адам, 62 мекеме және 15 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 257,3 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды. Бұл – тазалық жұмыстарының ауқымын көрсететін нақты көрсеткіш. Бірақ жиналған қоқыс көлемі тазалық мәселесін тек коммуналдық қызметтердің жұмысы арқылы шешу жеткіліксіз екенін де аңғартады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты екі қырынан қарау қажет. Біріншісі – елді мекендерді тұрақты түрде тазалау, абаттандыру, көгалдандыру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болса, екіншісі – тұрғындардың сол ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, қоғамдық орындарды таза ұстау, өз ауласы мен айналасына ұқыпты қарау – заң талабы ғана емес, ортақ мәдениеттің көрсеткіші. Мемлекеттік органдар тарапынан тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді. Алайда жасалған жұмыстың нәтижесі әр адамның өз әрекетіне тікелей байланысты. Тазалықты бір күндік сенбілікпен немесе бақылау шараларымен қалыптастыру мүмкін емес. Ол күнделікті тәртіпке айналғанда ғана елді мекеннің санитариялық жағдайы тұрақты жақсарады. Сондықтан туған жердің тазалығы – жауапты мекемелердің ғана емес, әр тұрғынның ортақ міндеті.

– Иә, сондай-ақ, көшет отырғызу, абаттандыру және түрлі сенбіліктер өткізу жұмыстары күн тәртібінен мүлде түскен емес. Осы бағыттардан бөлек тұжырымдамаға жататын қандай ерекше жұмыстарды атап өте аласыз?
–Қазіргі таңда «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы тарапынан темір газ құбырларын заманауи талаптарға сай жер астымен жүргізу жұмыстары да атқарылып жатыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға бағытталған жүйелі жұмыстардың бірі. Аталған жұмыстар да тұжырымдамада көзделген мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар арнайы медиа жоспар әзірленіп, жауыр болған сенбіліктер мен ағаш отырғызу іс-шараларынан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі креативті шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, медиа жоспарға сәйкес марафондар, интеллектуалдық ойындар және экологиялық бағыттағы басқа да танымдық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аудан әкімдігі мен «Интаго» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткізілген пластикалық бөтелкелерді балмұздаққа айырбастау акциясы да тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Өткен жылы Аққыстау ауылында ұйымдастырылған акция барысында 5 мыңнан астам бос пластикалық бөтелке жиналып, тұрғындарға 1 мыңға жуық балмұздақ таратылды. Ал биыл аталған экологиялық акция Тұщықұдық ауылында жалғасын тапты. Нәтижесінде 10 мыңға жуық пластикалық бөтелке жиналып, акцияға қатысушыларға 2 мың балмұздақ таратылды. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
–Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Қолданыстағы полигондардың жағдайы және сұрыптау қондырғысының іске қосылуы бойынша қандай жоспарлар бар?
–Қазіргі таңда аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінің теңгерімінде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 2 полигон бар. Олардың жалпы жер учаскесінің алаңы – 2,78 гектар. Оның ішінде Аққыстау ауылдық округінің теңгеріміндегі 2,3 гектар полигонды «Таза Исатай» КМК теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс аяқталғаннан кейін полигонға тиісті эмиссияға рұқсат алу рәсімдері басталады. Сонымен қатар, Аққыстау ауылында орналасқан полигонның материалдық-техникалық базасын жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 2022 жылы қоқысты сұрыптау қондырғысы, ал 2023 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған ангар сатып алынды. Қазіргі таңда сұрыптау қондырғысы аталған ангардың ішіне орнатылған. Сұрыптау қондырғысын тиімді пайдалану мақсатында оны өткен жылы сенімгерлік басқаруға беру үшін порталға екі рет орналастыру жұмыстары жүргізілді. Алайда жеке кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болмауына байланысты, қондырғыны «Таза Исатай» КМК-ның теңгеріміне беру және алдағы уақытта іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек, ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту бағытында жаңа жобалар да қолға алынуда. Атап айтқанда, Нарын ауылдық округі аумағынан заң талаптарына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын орналастыруға жер учаскесі қарастырылуда. Аталған нысан бойынша демеуші «ЛМ-Транспроект» ЖШС-нің қолдауымен жобалау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жалпы, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ауданда тұрмыстық қалдықтарды жинау мен орналастыру жүйесін ретке келтіру, қалдықтарды сұрыптау үлесін арттыру және қоршаған ортаға түсетін кері әсерді азайту болып табылады. Сонымен қатар, 7 ауылдық округте мал моласын салу жоспары бар. Бұл – мал шаруашылығымен айналысатын ауданымыз үшін аса маңызды нысандардың бірі. Өйткені малдың терісі мен басқа да биологиялық қалдықтарын бей берекет қоқысқа тастау қоршаған ортаның ластануына әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай қалдықтарды арнайы мал моласында крематорийлік әдіспен жою – бүгінгі күннің талабы әрі санитарлық-экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы.

– Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, ауданымыз қасиетті Нарын құмы мен Қарт Каспийдің жағалауымен мақтанады. Осы табиғи байлығымызды сақтап, Каспий жағалауының тартылуына жол бермеу, сондай-ақ құм көшкінінің елді мекендерге кері әсерін тигізбеу бағытында жұмыстарды атап өте аласыз ба?
–Иә, бұл – ауданымыз үшін аса маңызды мәселелердің бірі. Қарт Каспийдің жағалауын сақтау, құм көшкінінің алдын алу және табиғи экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, жалпы көлемі 8 гектарды құрайтын 5 учаскеге 16 мың түп сексеуіл егілді. Жұмыстарды «Қорған KZ» ЖШС жүргізді, оған 260 млн теңге қаржы қарастырылды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, мердігер компания егілген көшеттерді бес жыл бойы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізетін болады. Сонымен қатар ауданның барлық ауылдық округтерінде тал егуге жарамды жалпы көлемі 3 гектар жер телімдері зерделенді. Осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында «Берен компани» ЖШС-мен 3,5 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек, облыстық басқармамен бірлесіп, Ә. Бөкейханов атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институтының мамандары Каспий теңізінің жағалау сызығы аумағының орман өсіруге жарамдылығына арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, Аққыстау, Жанбай және Зинеден ауылдық округтеріндегі 5 учаскеде жалпы көлемі 20 250 гектар аумақта эрозиялық процестердің алдын алып, теңіз жағалауындағы құм көшкінін тұрақтандыру үшін жасыл екпелер отырғызу қажеттігі анықталды. Ғылыми ұсынымдарға сәйкес, бұл жұмыстарда табиғи жағдайға бейімделген галофитті өсімдіктер – сарсазан, қарабарақ, сексеуіл және басқа да өсімдік түрлерін пайдалану ұсынылды. Осы зерттеу нәтижелерін негізге ала отырып, аталған бағытта жоба әзірлеуге облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда биыл осы қаражат есебінен жобалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жалпы, Каспий жағалауын қорғау мен Нарын құмының табиғи тепе-теңдігін сақтау – бір күндік емес, жүйелі түрде жүргізілетін ауқымды жұмыс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да ғылыми негізде және кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
–Ауданның экологиялық ахуалын жақсарту, елді мекендерді көгалдандыру және табиғи ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екен. Алдағы кезеңге қандай жоспарларыңыз бар? Ауданымызды жасыл желекке айналдыру, ауылдардың көркін арттыру бағытында қандай жобалар бар екенін айта кетсеңіз.
–Алда атқаратын жоспарымыз көп. Дегенмен табиғатты таза ұстау мен оны аялау үшін міндетті түрде жоспар күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Табиғатқа жанашырлық әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – ауылдардағы жасыл желектің көлемін арттырып, елді мекендерді қоқыстан таза, көрікті әрі жайлы мекенге айналдыру. Бұл бағытта нақты жұмыстар да қолға алынуда. Өткен жылы «ЕмбіМұнайГаз» АҚ мен жергілікті атқарушы билік арасында 5 жылға арналған меморандумға қол қойылып, аудан аумағында 20 гектар жерге тал отырғызу жөнінде жоспар жасалды. Бұл – ауданымызды кезең-кезеңімен көгалдандыруға мүмкіндік беретін ауқымды бастамалардың бірі. Мәселен, Тұщықұдық пен Аққыстау ауылдарының арасындағы жол жиегіне 3 гектар аумаққа 2800 түп тал отырғызылды. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – елді мекендердің айналасын абаттандырып қана қоймай, уақыт өте келе жасыл белдеу қалыптастыру. Алдағы уақытта ауылдардың арасындағы бос жатқан аумақтарды да тиімді пайдаланып, оларды жасыл аймақтарға, шағын орман алқаптарына айналдыру ойымызда бар. Сонымен қатар бұл аумақтарды тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістікке айналдырып, жаяу жүргіншілер жолы мен жүгіру жолдарын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Әрине бүгін тал отырғыздық екен деп, ертең оның орманға айналып кетуі мүмкін емес. Табиғатпен жұмыс істеуде уақыт пен төзім қажет. Бірақ жүйелі әрі үздіксіз еңбек етіп, егілген көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын дұрыс жолға қойсақ, бірнеше жылдың ішінде бүгінгі бос жатқан аумақтардың келбеті түбегейлі өзгеретініне сенім мол. Кейбір жұмыстар нақты жоспарға енбегенімен, елдің игілігі үшін ойластырылып, мүмкіндігінше жүзеге асырылып келеді. Меніңше, ең бастысы – әр бастаманы бүгіннен бастап, нәтижесін ертеңгі ұрпақ үшін ойлап атқару. Бүгін егілген әрбір тал – ертеңгі жасыл желек. Ал бүгін тазартылған әрбір аумақ – келешек ұрпаққа қалдырар таза әрі көрікті мекеніміздің негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды бір реттік науқан ретінде емес, тұрақты әрі үздіксіз жұмыс ретінде жалғастыра береміз.
–Уақытыңызды бөліп, ауданның тазалығы мен абаттандырылуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып бергеніңізге рақмет. Оқырманға маңызды ақпарат ұсынып, ортақ мәселеге назар аударғаныңыз үшін алғыс білдіреміз.
Еркебұлан УАЛИТХАН



