Тәуелсіздік игілігін көріп, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан ауылдардың бірі – Құрманғазы ауданына қарасты Бірлік ауылы. Соңғы жылдары елді мекенде бірқатар игі жұмыстар атқарылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар жүзеге асуда. Бұл – ел дамуының, Тәуелсіздік жылдарындағы жасампаз еңбектің жемісі.
Алайда елді мекеннің көркі мен тазалығын сақтап, жасалған дүниеге ұқыпты қарау тек мемлекетке немесе жергілікті әкімдікке жүктелетін міндет емес. Бұл – барша тұрғынға ортақ жауапкершілік.
Жақында балалар ойын алаңында орынсыз әрекетке куә болдым. Төменгі сыныпта оқитын бірнеше бала ойын алаңына төселген жасанды көгалды тартқылап, жыртып жатты. Жанында отырған ересектердің бірі балаларға «қойыңдар» деп ескерту жасаса, мұндай келеңсіздікке жол берілмес еді.
Бұл – бір қарағанда ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ қоғамдық орындарға жасалған әрбір ұқыпсыздықтың артында ел қаржысы, халық еңбегі тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Жазғы саябағымыз да ауыл тұрғындары мен балалардың сүйікті демалыс орнына айналып келеді. Мұнда жайқалған жасыл желек, саялы теректер ауылға ерекше көрік береді. Сондықтан саябақты таза ұстап, жасыл желекті қорғау – бәріміздің міндетіміз.
Балалар ойнап болғаннан кейін саябақ қақпасын ашық қалдырып кететін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда мал кіріп, көгал мен ағаштарға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен мектеп ұжымы балаларға қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудың маңызын түсіндірсе екен.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мәні де осында. Тазалықты сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдыруымыз қажет. Қоқыс тастамау, жасыл желекті сындырмау, ойын алаңдары мен саябақтарды бүлдірмеу – туған жерге деген құрметтің белгісі.
Тазалық – бір адамның емес, тұтас ауылдың мәдениеті. Ауылымыздың ажары мен тазалығы өз қолымызда. Сондықтан әр тұрғын «Бұл – менің ауылым, бұл – менің ортақ үйім» деген түсінікпен әрекет етсе, Бірлік ауылының көркі бұдан әрі де арта түсері сөзсіз.
Бауыржан Ақпанов,
Мемлекеттік қызметтің ардагері,
Атырау облысының «Ардақты ардагері» алтын белгісінің иегері




