Жалпы «Таза Қазақстан»-кешенді бағдарлама деуге болады. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан ауқымды экологиялық өзгерістер қарсаңында «Таза Қазақстан» бастамасы бұл үдерісте үкіметтің, бизнестің, азаматтық қоғамның таза, тұрақты ортаны құру үшін күш-жігерін біріктіре отырып, шешуші рөл атқарып келеді.
«Таза Қазақстан» акциясы бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама болып табылады. Ол кең ауқымды мына іс-шараларды қамтыған : аумақты тазалау ( қалалар, саябақтар, ормандар, су қоймаларын қоқыстан жүйелі тазалау) ,көгалдандыру (ағаштар, бұталар отырғызу, жаңа жасыл аймақтар), су объектілерін тазарту (өзен-көлдер, теңіздер ластануымен күресу), экологиялық тәрбие (барлық жас топтар үшін оқу іс-әрекетін жүргізу), қалдықтарды бөлек жинау (жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу), биоәртүрлілікті сақтау (өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау) болып табылады. Бұл неліктен маңызды? Таза қоршаған орта-халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді.
Таза қалалар мен табиғи ландшафтар туристерді өзіне тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілікке Қазақстанның халықаралық беделін арттыратыны сөзсіз. Бұл мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама. Бұл акция 2024 жылдан бастау алғанын білеміз. Елдің әр аймағы қоршаған ортаны сақтаудың ортақ ісіне өз үлестерін қосты. 2024 жылдың өзінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 10,4 млн-нан астам адамды игілікке ұйыстырған екен. Ал 2025 жылы «Таза Қазақстан» республика бастамасы аясында ел бойынша 767-ден астам іс-шара өткізіліпті. Оның ішінде дәстүрге айналған төрт белгілі экологиялық акциялар бар. Атап айтсақ «Таза кәсіп-таза аймақ» -таза өндіріс құру болса, «Киелі мекен»-табиғи және қасиетті жерлерді қорғау. «Таза өлке»-аумақтарды көпшілікпен тазалау болса, ал «Мөлдір бұлақ»-бұлақтар мен су айдындарының тазалығын сақтау.
Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналады деседі. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі -25, 8 пайыз.(2024). Жеке бизнес пластик пен алюминді жинауға арналған 100-ден астам фондамат Астана, Алматы, Өскемен, Ақтөбе қалаларында орналастырылыпты. 129 мектепте қоқысты сұрыптап жинауға арналған 1000-нан астам экобакс пайда болған. Оның көбі Астана, Жезқазған қалаларына қойылған көрінеді. Бұл шаралар полигондарға жіберілетін қалдықтарды азайтуға септік етеді. Жылына 3 млн көшет өсіретін орман тәлімбағы салынған. Тағы да 15 га тәлімбақ салу жоспарлануда. Мемлекеттік орман қоры аумағына 1,3 млрд астам көшет отырғызылса, 48,7 млн сексеуіл көшеті Арал теңізінің құрғап кеткен табанына егілген дейді.
А.Текебай



