«Таза Исатай» кәсіпорны 10 техникамен толықты

(0 Votes)

Туған жердің тазалығы мен көркі – елдің мәдениеті мен ортақ жауапкершілігінің айнасы. Ауданымызда қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Осы игі бастамалардың қатарын жаңа техникалармен толықтыру да ауданның ажарын арттырып, тазалық жұмыстарының сапасын көтеруге жол ашуда. Өткен аптада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында ауданымызға 10 арнайы техника мен 2 тіркеме табысталды. Бұл – елді мекендердің тазалығын сақтап, абаттандыру жұмыстарын жандандыруға және коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа техникалардың қатарында автогрейдер, шынжыр табанды бульдозер, самосвал, КДМ техникасы, су соратын вакуумдық машина, шағын погрузчик және қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға арналған арнайы көліктер бар. Бұл техникалар елді мекендерді күтіп ұстау, жолдарды тазалау, қоқыс шығару және коммуналдық жұмыстарды жедел орындауға мүмкіндік береді.

 


    
Арнайы техникаларды табыс-тау рәсіміне аудан әкімі Нұрым Мусин қатысып, жаңа көліктердің коммуналдық қызметтің жұмысын күшейтудегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, техникалық базаны жаңарту – ауданның санитариялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың тиімділігін арттыратын нақты қолдау.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанынан құрылған «Таза Исатай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны аудан аумағындағы санитариялық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру және коммуналдық жұмыстарды атқарады. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта тағы 5 арнайы техника жеткізіледі. Атап айтқанда, кәсіпорын манипулятор, экскаватор-погрузчик, YOTO тракторы, дөңгелекті трактор-тягач және К-700 тракторымен толықтырылады.  Бұл техникалар жол жөндеу, жер жұмыстары, абаттандыру және басқа да коммуналдық міндеттерді өз күшімен орындау мүмкіндігін кеңейтеді.

 

 

Бүгінде «Таза Исатай» ауданның 7 ауылдық округімен қысқы кезеңдегі күтіп-ұстау жұмыстарына келісімшарт жасасқан. Кәсіпорын мамандары жолдарды қардан тазалау, тайғаққа қарсы инертті материалдар себу, ағын суларды сорғыту секілді жұмыстарды атқарады.

– Кәсіпорында қазір 27 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.Сондай-ақ аталған кәсіпорынның жұмысы алдағы уақытта жүйелі жүру үшін аудан әкімінің қолдауымен арнайы техникалар сатып алынды. Бұған қоса ауылдық округтердің теңгерімінде болған 14 арнайы техника кәсіпорынның теңгеріміне берілді. Жаңа техникалардың қосылуы өндірістік мүмкіндігімізді едәуір арттырып, коммуналдық жұмыстарды жедел әрі сапалы орындауға жағдай жасап отыр. Алдағы уақытта  тағы да арнайы техникалар қосылатын болады, – дейді «Таза Исатай» КМК басшысы Азамат Рахымжанұлы.

 

 

Техникалық жаңарудың негізгі нәтижесі – техниканың санын көбейту емес, оны нақты іске тиімді пайдалану. Жаңа машиналар қоқысты уақытылы шығаруға, жолдарды маусымдық талапқа сай күтіп ұстауға, қар мен суды жедел тазалауға, сондай-ақ коммуналдық мәселелерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Осылайша 10 жаңа техника мен 2 тіркеменің іске қосылуы, алдағы 5 техниканың жеткізілуі және бұрынғы 14 техниканың кәсіпорын теңгеріміне берілуі «Таза Исатайдың» техникалық мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл – «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының аудан көлеміндегі нақты нәтижеге бағытталған жұмысының көрінісі десе де болады.

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT