Таңдайда сегіз отбасы қоныс тойын тойлады

Таңдайда сегіз отбасы қоныс тойын тойлады
(0 Votes)

Махамбет ауданының Бақсай ауылдық округіне қарасты Таңдай ауылында сегіз отбасы үшін қуанышты күн болды. Бұған дейін ескі ғимаратты паналап келген тұрғындарға жаңа үйдің кілті табысталды. Ауылдағы бұл жаңалықты әсіресе баспанаға мұқтаж отбасылар үлкен қуанышпен қабылдады.

img 20261009 wa0084

Махамбет Есенбаев көшесі, №20 және Қаршыға Ахмедияров көшесі, №10 мекен-жайында орналасқан барақ тәрізді тұрғынжайда бірнеше отбасы жылдар бойы тұрып келген. Ауылдағы бұрынғы балабақша мен ескі интернаттың тозығы жетіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туды. Осыған байланысты олардың жағдайын шешу үшін 13 жаңа үй салу жұмысы басталды.

Міне, бүгін соның сегізі толық аяқталып, алғашқы отбасылар қоныс тойын тойлады. Қалған бес үйдің құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталып, тұрғындарға табысталады деп жоспарланып отыр.

Жаңа үйлердің кілтін табыстау рәсіміне Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды қуанышты күндерімен құттықтап, баспананың әр шаңырақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.

1001940556

-Аудан тұрғындарын қауіпсіз әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету маңызды міндеттің бірі. Бүгін апатты үйлерде тұрып келген отбасылардың жаңа үйге қоныстанып отырғанына қуаныштымыз. Тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деген аудан әкімі баспана кілтін табыстады.

1001940520 2

Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов та жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдірді. Оның айтуынша, ауыл үшін әр отбасының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай істің орны бөлек. Ендігі міндеттің бірі қалған бес үйді де сапалы аяқтап, тұрғындарға уақытында табыстау екенін жеткізді.

Қоныс иелерінің қуанышын ауыл тұрғындары да бөлісті. Ал, тұрғындар атынан сөйлеген Гүлбану Әбенова жаңа үйге ие болған отбасылардың атынан алғыс айтып, осы істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Жаңа шаңырақта береке мен бірлік орнап, балалардың күлкісі үзілмесін деген тілегін жеткізді.

1001940537

Салтанатты рәсімде жаңа баспананың лентасы қиылып, ауыл ақсақалдары қоныс иелеріне ақ батасын берді. Кілтін қолына алған отбасылардың қуанышын көргенде, бұл үйлердің олар үшін жай ғана төрт қабырға емес, алаңсыз өмірдің жаңа бастауы екенін аңғаруға болады.

Алдағы күндері тағы бес отбасы да осындай қуанышқа кенелмек. Таңдайдағы бүгінгі жақсы жаңалық ауыл тіршілігіне де өзіндік жылу әкелгендей.

Майра ЕРҒАЛИ

Махамбет ауданы

img 20261009 wa0161 1
1001940536
1001940542
1001940524 1

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT