Облыс аумағында мал ұрлығының алдын алу қылмыспен күресудегі басты бағыттардың біріне айналды.
Республика көлемінде өтіп жатқан «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мал базарлары, ет өнімдерін сататын сауда орындары мен шаруа қожалықтарын тексерді.
Іс-шара барысында полицейлер мал иелері мен сауда орындарының қызметкерлеріне малды таңбалау және алдын ала тіркеу талаптарын түсіндіріп, санитарлық және сауда ережелерінің сақталуына назар аударды. Сонымен қатар төрт түлік пен ет өнімдерінің қозғалысын бақылау, олардың заңды жолмен алынғанын растайтын құжаттарды сақтау қажеттігі айтылды.
Құқық қорғау қызметкерлері мал иелеріне қырағылық танытып, малға қатысты күмәнді жағдайлар немесе бейтаныс адамдардың заңсыз әрекеті байқалған жағдайда, дереу полицияға хабарлауды қаперге берді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, профилактикалық шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, оның жолын кесу және азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету. Сол мақсатта Атырау қаласында «Мал ұрысы» іс-шарасы 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ



