«Отбасылық дағдарыстың алдын алу» тақырыбында өткен сессияда отбасылық психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабай қазіргі қоғамдағы отбасы институтына әсер етіп отырған негізгі мәселелерге тоқталды.
Спикердің айтуынша, бүгін көптеген отбасындағы қарым-қатынастың әлсіреуіне әлеуметтік желілер мен смартфондарға шамадан тыс тәуелділік себеп болып отыр.
«Бір үйде тұрсақ та, екі телефон – екі бөлек әлемдеміз. Физикалық тұрғыдан бір шаңырақ астында болғанымызбен, назарымыз көбіне телефонда. Бұл бір-бірімізден алшақтауға алып келеді. Отбасында жиі әңгімелеспеу, бірге уақыт өткізудің азаюы – қазіргі басты мәселелердің бірі», – деді Ержан Мырзабай.
Ол отбасылық дағдарысты тығырық емес, өзгеруге және қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Дағдарыс кезінде одан қашуға емес, мәселені бірге шешуге ұмтылу керек. Отбасының беріктігі қиындықтарды бірлесіп еңсеруден қалыптасады», – деді психолог.
Ержан Мырзабайдың пікірінше, отбасылық дағдарыстың алдын алудың ең тиімді жолы – қоғамды ақпараттандыру және отбасылық өмірге саналы түрде дайындалу. Ол бұл бағытта бірнеше қарапайым ұсыныс айтты: күн сайын кемінде жарты сағат гаджетсіз әңгімелесу, аптасына бір күнді толықтай телефонсыз отбасылық уақыт ретінде белгілеу және отбасы психологиясы бойынша арнайы білім алу.
«Көлік жүргізуді қалай үйренсек, отбасылық өмірді де солай үйрену қажет. Ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі мен міндеттері туралы көбірек ақпарат берілуі керек», – деді спикер.
Сонымен қатар ол цифрландыру мен жасанды интеллектті отбасы құндылықтарын нығайтуға тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.
«Жасанды интеллект біз үшін үлкен мүмкіндік. Гаджетті тек ойын немесе әлеуметтік желі үшін ғана емес, отбасылық мәселелерді шешуге де қолдануға болады. Жақында жасанды интеллект көмегімен отбасыма арналған үш айлық жоспар әзірледім. Ол жұбайымның, балаларымның және менің күнделікті өмірімізді ескере отырып, өзара қарым-қатынасымызды нығайтуға бағытталды. Осындай технологияларды гендерлік саясатты тиімді жүзеге асыруда да қолдануға болады», – деді Ержан Мырзабай.
Хұсни ХАМЗА



