Құрманғазы ауданына қарасты Бірлік ауылының жылдан-жылға көркейіп, жаңарып келе жатқаны қуантады. Ауылда жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігіне қызмет ететін әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп келеді. Жаңа мәдениет үйінің пайдалануға берілуі, малдәрігерлік пункттің ашылуы, алдағы уақытта дәрігерлік пункт пен балабақша салынатыны туралы жақсы жаңалықтар – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш.
Мұның бәрі – ел дамуының, Тәуелсіздіктің игілігі. Ендеше осындай ортақ мүлікті көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың парызы.
«Таза Қазақстан» бастамасы тек көшені сыпырып, қоқыс жинаумен шектелмейді. Оның басты мәні – қоршаған ортаға, туған жерге және ортақ мүлікке деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Осы ретте ауыл көшелерінің тазалығы мен жарықтандырылуына да мән берген жөн. Көшелердегі жарықтың уақытылы өшірілмеуі – артық шығынға әкелетіні белгілі. Сондықтан жауапты қызметкерлер өз міндеттеріне тиянақты қарап, ауылдың әрбір мәселесіне дер кезінде назар аударуы қажет.
Жол бойындағы аялдамалардың тазалығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Жақында аялдамалардың бірінен қоқысқа толы ақ қапшық кездесті. Аялдаманы қоқыс жәшігіне айналдыру – қоршаған ортаға ғана емес, өзімізге деген құрметсіздік. Әр тұрғын өз қоқысын арнайы орынға тастап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысуы керек.
Елді мекенді абаттандыруға қанша қаражат пен еңбек жұмсалса да, оны сақтамасақ, атқарылған жұмыстың нәтижесі ұзаққа бармайды. Сондықтан ата-ана баласына, ұстаз оқушысына, үлкен кішіге тазалық пен ұқыптылықтың үлгісін көрсетуі қажет.
Ауылдың тазалығы – оның мәдениетінің айнасы. Қоғамдық орындарға қоқыс тастамау, аялдамаларды бүлдірмеу, көгал мен ағаштарды қорғау, абаттандырылған аумақтарды таза ұстау – қарапайым ғана талаптар. Бірақ осы қарапайым әдеттер қалыптасқанда ғана үлкен нәтиже болады.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді халқымыз. Сондықтан туған жердің тазалығы мен көркеюіне қатысты мәселелерді ашық айтып, кемшіліктерді түзетуге атсалысу – елге жанашыр азаматтың міндеті.
Бірлік ауылының болашағы – оның тұрғындарының қолында. Таза ауыл, көрікті көше, жасыл желек пен ұқыпты орта – барлығымызға ортақ құндылық. Оны сақтау да, кейінгі ұрпаққа жеткізу де өз қолымызда.
«Таза Қазақстан» – тазалық акциясы ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.




