NCOC КОМПАНИЯСЫ  МАҚАТ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА ЕКІ РЕАНИМОБИЛЬ МЕН ЖЫЛЖЫМАЛЫ РЕНТГЕН АППАРАТЫН ТАБЫСТАДЫ

(0 Votes)

Мақат аудандық ауруханасының материалдық-техникалық базасы жаңа медициналық техникамен толықты. NCOC компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында емдеу мекемесіне екі реанимобиль және заманауи мобильді цифрлық рентген аппараты тапсырылды. Жаңа жабдықтар жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыр жағдайдағы науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімге Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, аудан әкімдігі, медицина қызметкерлері мен компания басшылығы қатысты. Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Джангалиева аудандық ауруханалардың техникалық әлеуетін күшейту өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

– Шұғыл жағдайда уақыттың әр минуты шешуші рөл атқарады. Жаңа реанимобильдер медициналық көмекті жол үстінде де үздіксіз көрсетуге мүмкіндік береді. Әсіресе ауыр халдегі науқастарды облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға тасымалдау кезінде бұл техниканың маңызы зор, – деді ол.

Ауруханаға берілген толық жетекті реанимобильлер өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен, электрокардиографпен, оттегі жүйесімен және пациенттің өмірлік көрсеткіштерін бақылайтын мониторлармен жабдықталған. Соның арқасында дәрігерлер тасымалдау барысында да реанимациялық шараларды жалғастыра алады.

Жоба аясында табысталған мобильді цифрлық рентген аппараты да аудан медицинасының мүмкіндігін кеңейтеді. Құрылғы ауыр жағдайдағы науқастарды арнайы кабинетке жеткізбей-ақ, зерттеуді палатада немесе жансақтау бөлімінде жүргізуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, цифрлық жүйе зерттеу нәтижесін бірнеше минут ішінде дайындап, дәрігерге бірден ұсынады. Бұл өкпе ауруларын, сүйек сынуын және түрлі жарақаттарды қысқа мерзімде анықтап, емді уақытылы бастауға жол ашады.

– Заманауи рентген аппараты диагнозды жылдам әрі дәл қоюға мүмкіндік береді. Ерте анықталған ауруды емдеу де тиімді болады. Сондықтан мұндай жабдықтардың аудандық ауруханалар үшін маңызы ерекше, – деді  Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Джангалиева.

Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов мұндай жобалар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа техника дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасайды.

Іс-шара барысында жаңа реанимобильдердің кілттері жүргізушілерге табысталып, ауданның әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін NCOC компаниясының ұжымына аудан әкімінің алғыс хаты берілді.

NCOC компаниясының Өңірлік мемлекеттік органдармен, жұртшылықпен және бақылаушы органдармен өзара байланыс жөніндегі бас менеджері Максим Азаматовтың айтуынша, компания әлеуметтік инвестициялар аясында денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым бағытындағы жобаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Оның мәліметінше, 1998 жылдан бері Атырау және Маңғыстау облыстарында жалпы құны 926 миллион АҚШ долларын құрайтын 230-дан аса әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылған.

Айта кетейік, өңірлік медицинаны жаңғыртуға бағытталған мұндай жобалар ауруханалардың техникалық әлеуетін арттырып қана қоймай, шұғыл көмек көрсету сапасын жақсартып, тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT