Исатай ауданының Нарын ауылында дене шынықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Нысанды қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі қабатты ғимаратта әмбебап спорт және күрес залдары бар. Кешен инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылып, аумағы абаттандырылған. Құрылыс жұмыстарын «Атырау Эксперт Проект» ЖШС жүргізді.
– Жоба ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Бұған дейін жаттығуға арналған заманауи нысанның тапшылығы сезілсе, енді балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спорттық шеберлігін шыңдауына жағдай жасалады, – деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Байтұрсын Сегізбаев.
Қазір спорттық нысанды теңгерімге тапсыру үшін қажетті құжаттар рәсімделуде.



