Аудан үшін су ресурстарын ұтымды игеру – стратегиялық маңызы бар мәселе. Жайылымды суландыру, шабындықты нәрлендіру, мал азығын молынан дайындау – мұның барлығы су арналарының жағдайына келіп тіреледі. Сондықтан бүгінгі таңда су көздерін сақтау, оларды жаңғырту және тиімді басқару ауыл шаруашылығының, оның ішінде мал шаруашылығының тұрақты дамуының басты алғышарттарының біріне айналып отыр. Бұл алғышарттар "Таза Қазақстан" жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
Аудан аумағын кесіп өтетін, жалпы ұзындығы 222,2 шақырымға созылған төрт ірі канал – Нарын, Бақсай, Сборный және Кобяково–Забурын – өңірдің басты су күретамыры іспетті. Осы негізгі арналaрдан таралатын ұзындығы 107 шақырым болатын бес шағын канал – Қызыл үй, Есіркеп, Жасқайрат, Ақай және Марташи – ауыл шаруашылығы үшін ерекше маңызға ие. Аталған су желілері егін мен малға нәр беретін, тіршілікті түлететін жүйе. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов бұл жұмыстардың мән-маңызын ерекше атап өтті.
– Иә, су арналарының қалыпты жұмыс істеуі – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының негізгі кепілі. Уақытылы тазалау мен жөндеу, суды тиімді жеткізу – шаруалардың өнімділігін арттырып, еңбектің берекесін еселейді. Ал олардың теңгеріміне келсек, шағын каналдардың ішінде тек Қызыл үй каналы ғана ауданның теңгерімінде болса, қалғандары «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағында. Бұл – каналдарды күтіп-баптау, уақытылы тазалау және су жеткізу жұмыстарын бір орталықтан үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы жеті ауылдық округ «Табиғат» мекемесімен келісім шартқа отырып, каналдарды суға толтыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тоғыз шаруа қожалығы канал суын тиімді пайдаланып, мал азығын дайындауға кірісті. Бұл қадам шаруашылықтардың еңсесін тіктеп, тұрақты дамуына оң ықпал ететініне сеніміміз мол,- дейді бөлім басшысы.
Дидар Жалғасбайұлының айтуынша, биыл да бұл игі бастама жалғасын табуда. Жеті ауылдық округ қайтадан келісім шарт жасасып, нақты жұмыстар қолға алынған. Нарын мен Бақсай каналдарының бойындағы жалдар көтеріліп, көмілген тұстары тазартылды. Жалпы көлемі 27 шақырымды қамтыған бұл жұмыстар Қаратүбек, Ақкөпір, Аққыстау маңы, Сарыазбан және Тасоба көпірі төңірегінде жүзеге асты. Сонымен бірге бірқатар арналарда қазу жұмыстары жүргізілді: Есіркеп каналында – 2,2 шақырым, Марташида – 2 шақырым, ал Кобяково–Забурын каналында 3,5 шақырым жер жаңартылды. Дүтбай котлаваны да кеңейтіліп, көлемі 100х20 метр болатын қосымша аумақ қазылды. Бұдан бөлек, Бақсай каналының Тұщықұдық пен Аққыстау аралығындағы 1,2 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылды.
Жалпы, ауданда су шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биылғы жоспарлар да жүйелі түрде орындалып, тіршілік көзін түлетуге, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге серпін бермек.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


