Елді мекеннің тазалығы мен көркеюі – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің көрінісі. Осы бағытта ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі жалғасып келеді.
Жуырда Махамбет ауылының Ө.Есмағамбетов көшесінің бойында кезекті көгалдандыру шарасы өтіп, 50 түп жеміс ағашының көшеті отырғызылды. Игі іске Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары, аудандық Жастар ресурстық орталығы мен Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері атсалысты. Шараға қатысқан қоғам белсендісі, белгілі бағбан Қайрат Сәрсенов те көшет отырғызу мен оны күтіп-баптауға қатысты тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін берді.
Ағаш отырғызу жұмыстары аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылды. Ендігі міндет – егілген көшеттердің жерсініп, жайқалып өсуіне жағдай жасау. Оларды күтіп-баптау жұмыстарын Махамбет ауылдық округі жүргізеді.
– Көгалдандыру – бір күндік шара емес. Отырғызылған әр көшеттің жерсініп, өсіп-жетілуі үшін тұрақты күтім қажет. Сондықтан олардың жағдайы бақылауда болып, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мұндай бастамалар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да көгалдандыру жұмыстары жалғасады, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Құралбек Жиенғалиев.
Айта кетейік, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «ЭкоQuiz», «ЭкоКвест», «EcoAi», «ЭкоПікір» шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ «Үлгілі ауыл», «Таза аула», «Таза көше» байқауларын өткізу жоспарланған.
Г.СӘДУАҚАСОВА




