Атыраудағы Beyza брендімен өндірілетін рафинад қанты мен шай бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне және Ресей нарығына жеткізіліп отыр. Кәсіпорын жылына 500 тоннаға дейін рафинад қантын өндіріп, 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кәсіпорын 2002 жылы құрылған. Ал рафинад қантын өндіру бағыты 2016 жылы Түркиядан әкелінген заманауи қондырғылардың көмегімен іске қосылған.
Өндірісте бірінші сортты қант пайдаланылады. Өнімге ешқандай қоспа қосылмайды. Қант тек сумен өңделіп, арнайы қалыпқа салынып, кептіріледі. Цехтың тәуліктік қуаттылығы 6 тоннаға дейін жетеді. Дегенмен өндіріс көлемі тапсырысқа байланысты орта есеппен 3–4 тоннаны құрайды. Өндіріс үдерісі толық автоматтандырылған.
– Beyza сөзі түрік тілінен аударғанда «аппақ, қардай таза» деген мағынаны білдіреді. «Береке» сауда-дистрибьюторлық компаниясы осы брендпен күріш, консерві өнімдері, дәмдеуіштер, тұрмыстық химия және үйге қажетті тауарларды да шығарады, – деді «Береке» сауда желісінің директоры Бекболат Серәлі.
2019 жылы кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген несиесі арқылы жаңа өндірістік жабдықтар сатып алған. Сонымен қатар компания әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып, «Рауан» Атырау қайырымдылық қорымен бірлесіп қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді.



