Өткен демалыста ауданымызда «Lotus Fest-2026» фестивалі өтіп, еліміздің әр қиырынан, сондай-ақ шетелден де қонақтар келді. Бұл Құрманғазының табиғатын, мәдениетін кеңінен танытуға берілген үлкен мүмкіндік. Осындайда туған жердің тазалығы мен көркіне ерекше мән беретінің анық.
Фестиваль барысында көпшілік қоқысты арнайы жәшіктерге салып, тазалыққа жауапкершілікпен қарады. Дегенмен гала-концерт кезінде кейбір адамдардың бос қалбыр мен пакеттерді айналаға тастап кеткені түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Сол видеода жұрт шашып кеткен қоқысты кішкентай баланың жинап жүргенін көрдік. Бұл көрініс көпшілікке ой салды деп ойлаймын.
Үлкендердің шашқан қоқысын баланың жинауы тәрбиелік тұрғыдан да ойланатын жағдай емес пе? Біз балаға тазалықты сөзбен үйретіп қана қоймай, өз ісімізбен үлгі көрсетуіміз керек емес пе?
«Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында. Тазалықты тек арнайы акция немесе сенбілік кезінде еске алып қоймай, оны күнделікті мәдениетке айналдыру қажет. Қонақтар келгенде ғана емес, өзіміз үшін де туған жерімізді таза ұстауға міндеттіміз.
Қоқысты белгіленген орынға тастау үлкен күшті немесе көп уақытты қажет етпейді. Бірақ осы қарапайым әрекеттің өзі адамның мәдениеті мен қоршаған ортаға деген құрметін көрсетеді. Жеке пікірім, бала бізге тазалықтың қарапайым қағидасын ісімен көрсетті. Сол көріністен ересектер үлгі алса игі…
Балзия ЕЛЕМЕСОВА
Құрманғазы ауданы



