Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейтін бастама

Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейтін бастама
(0 Votes)

«Таза Қазақстан» акциясы Атырау өңірінде нақты нәтижесін көрсетіп келеді.

Бүгінде Жайық өзенінің жағалауы, саябақтар, демалыс орындары және елді мекендердің қоғамдық аумақтары тазартылып, абаттандырылуда. Бұл жұмыстардың Махамбет ауданы үшін де маңызы зор. Себебі біздің ауданның тыныс-тіршілігі Жайық өзенімен тығыз байланысты. Өзен жағасының таза болуы – табиғатты қорғау ғана емес, тұрғындардың денсаулығы мен болашақ ұрпақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз.

Тазалық – бір күндік сенбілікпен шектелетін науқан емес, ол әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы керек. Мемлекет қолға алған бастаманың табысты болуы тұрғындардың белсенділігіне тікелей байланысты. Қазір жастардың, еріктілердің және түрлі ұйымдардың экологиялық шараларға белсенді қатысуы қоғамда жауапкершілік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Атырау өңірі – табиғи байлығы мол өлке. Сондықтан өзен-көлдерімізді, жасыл аймақтарымызды және қоғамдық кеңістіктерімізді таза ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Таза Қазақстан» акциясы осы құндылықтарды дәріптеп, адамдарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейтін маңызды бастама деп есептеймін.

Сұңғат Мұратбекұлы, Махамбет ауданының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT