15 наурызда өтетін Конституцияның жаңа жобасына байланысты республикалық референдумға облыс бойынша 276 учаскелік референдум комиссиясы дайындық жүргізуде. Барлық комиссиялар өз жұмыстарын Орталық референдум комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүзеге асырады. 22 ақпаннан бастап учаскелік комиссиялар өз қызметіне кірісіп, 27 ақпаннан бастап референдумға қатысуға құқығы бар азаматтарға деректерін тексеру мүмкіндігі берілді.
Осы орайда Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева маңызды сұрақтарға жауап берді.
-Әсия Баянқызы, дауыс беруге құқығы бар азаматтар өз референдум учаскелерін қалай анықтауға болады?
-Бұл үшін Телеграм әлеуметтік желісіндегі арнайы ашылған «AtyrauReferendumBot» аккаунты, сондай-ақ облыс әкімдігінің atyrau.gov.kz. ресми сайтының «Сайлау» парақшасындағы «РЕФЕРЕНДУМ 2026» бөліміндегі «Өзіңді дауыс беруші азаматтар тізімінен тексер!» сілтемесі арқылы өзіңіздің ЖСН-ді теріп сұрау салуға болады, Сізге қай учаскеге тіркелгендігіңіз туралы жауап беріледі. Сонымен қатар 109 біріңғай анықтамалық қызметке де жүгінуге, Атырау қаласы мен аудан орталықтарында ашылған әкімдіктердің call-орталығына хабарласуға болады. Ал Атырау қаласындағы учаске қай жерде орналасқандығы туралы 2 ГИС электрондық анықтама арқылы табуға болады.

-Дауыс беру күні басқа өңірде болған жағдайда қалай дауыс беруге болады?
-Егер Сіз 2026 жылғы 15 наурызда дауыс беру күні өзіңіздің тіркелген жеріңізден тыс жерге баратын болсаңыз 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін Сіз өзіңіздің учаскелік комиссияңызға жазбаша өтінішпен жүгініп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсынуыңыз қажет. Комиссия Сізге есептен шығару куәлігін табыс етедi.
Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
Бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейтініне назар аударыңыз.
Дауыс беру күні өзіңіз болатын жердегі учаскеде есептен шығару куәлігін көрсетіңіз. Учаскелік комиссия Сізді дауыс беруге арналған тізімге енгізеді.
Толық ақпарат алу үшін облыс әкімдігінің atyrau.gov.kz. ресми сайтындағы «Сайлау» парақшасындағы «РЕФЕРЕНДУМ 2026» бөлімі арқылы анықтауға, сондай-ақ 109 ақпараттық қызметіне, Атырау қаласы мен аудан орталықтарында ашылған әкімдіктердің call-орталығына хабарласуға болады.




