Жұлдыз шағынауданының тұрғыны Әділет Байбоз былтыр белгіленген стандарттарға сай келетін төбет ит асырап отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласындағы Жұлдыз шағынауданында өзгелерден оқ бойы озық, ірі денелі төбет ит бар. Оның иесі – шағынаудан тұрғыны Әділет Байбоз. Былтырдан бері белгіленген стандарттарға сай келетін төбетті үйінде асырап отырған ол төрт аяқты жануарға бүгінде әбден бауыр басып кеткен.
Үй иесінің айтуынша, Вестаның бұл шаңыраққа келуі алдын ала жоспарланған емес. Осыдан екі жыл бұрын Әділеттің әкесі үйге кішкентай күшік әкелген. Ол кезде бар болғаны алақандай ғана болған күшік уақыт өте келе бойы мен тұрқы өзгеше алып итке айналады деп ешкім ойламаған.
Арада екі жыл өткенде Веста кәдімгі күшік қалпынан ірі төбетке айналған. Қазір оның бойы шамамен 80 сантиметрге, ал салмағы 60 келіге жеткен. Алыстан қараған адамның өзіне айбатты көрінетін иттің сыртқы бітімі де ерекше.
Әсіресе көшеде Вестаны көргендердің назары бірден соған ауады. Кейбір адамдар иттің тұқымына қатысты өз болжамдарын айтып, оны алабайға ұқсатады. Алайда оның иесі Вестаның төбет екеніне сенімді.
– Менің итімді көрген кейбір адамдар «иегі салбыраған, алабайға шатыс» деп жүр. Бірақ өзім төбет деп есептеймін. Себебі енесі – төбет. Сондықтан Вестаны осы тұқымның өкілі деп білемін, – дейді Әділет Жәнібекұлы.
Оның айтуынша, Веста дене бітімі ірі болғанымен, ерекше күтімді немесе арнайы тағамды қажет ететін талғампаз ит емес. Керісінше, тамақ талғамайды. Күнделікті күтімі де қалыпты жағдайда жүргізіледі.
Үй иесі итінің денсаулығына да жауапкершілікпен қарайды. Веста қажетті екпелерін алған. Бүгінде екі рет вакцина салдырылған. Күнделікті тамағы да уақытылы беріледі. Әділеттің айтуынша, ит күніне үш мезгіл тамақтанады.
Вестаның тағы бір ерекшелігі – оның тым артық үрмейтіні. Кейбір иттер көшедегі дыбысқа, алыстан естілген көліктің дауысына немесе басқа жануардың үргеніне бірден жауап беріп, шу шығарып жатады. Ал Веста ондай мінез көрсетпейді.
Керісінше, ол айналаны үнсіз бақылағанды ұнатады. Қора-жайдың ішінде байлаулы тұрғанымен, жан-жағында болып жатқан өзгерістердің бәрін қырағы көзбен бақылайды. Үй иесінің сөзінше, Вестаның бойындағы осы байыптылығы мен сақтығы оны жақсы күзетші етеді.
– Тіпті кейбір ит алыстан естілген дауысқа қосылып, үретіні бар ғой. Мұның ондай әдетін байқамадық. Қашан да айналаға бажайлап, зер сала қарап, бәрін қырағы көзімен бақылап тұрғандай көрінеді. Үйдің маңайында қандай да бір қозғалыс болса, бірден сезеді. Сондықтан Веста – үйдің сенімді күзетшісі, – дейді ол.
Веста негізінен ауладағы шарбақ ішінде байлаулы тұрады. Алайда иесі бос уақыты болған кезде оны көшеге серуендетіп шығарады. Бұл иттің қимыл-қозғалысын қалыпты деңгейде ұстап, сергек жүруіне мүмкіндік береді.
Әділет Вестаны аңға салып немесе ит төбелесіне қатыстырып көрмегенін айтады. Оның түсінігінде, ит ұстаудың басты мақсаты – жануарды түрлі жарысқа немесе төбелеске пайдалану емес, оған дұрыс күтім жасап, қауіпсіз жағдайда ұстау.
– Бос уақыт пайда болған кезде көшеге қыдыртамын. Ал жалпы шарбақ ішінде байлаулы тұрады. Басқалар секілді аңға шығып, ит төбелестіріп көрмедім. Ондай мақсатым да жоқ. Бастысы, Веста – үйдің сенімді күзетшісі. Қазір бұған әбден бауыр басып кеттік, – дейді Әділет Жәнібекұлы.
Бүгінде Веста отбасы мүшелерінің бірі сияқты болып кеткен. Алғашында үйге күшік болып келген иттің осыншалықты ірі болып өсіп, отбасының күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналатынын ешкім күтпеген. Қазір үй иелері оның мінез-құлқына да, күнделікті әдеттеріне де әбден үйренген.
Төбет – қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында ежелден ерекше орын алған ит тұқымдарының бірі. Мал шаруашылығымен айналысқан ел үшін ит ең алдымен қора-қопсы мен малды қорғаудың сенімді серігі болған. Оның бойындағы күш, төзімділік, қырағылық және иесіне адалдық қасиеттері бағаланған.
Атыраудың табиғаты мен климаттық жағдайына қарамастан, Веста да өзіне тән ірі дене бітімімен өсіп келеді. 80 сантиметрлік бойы мен 60 келілік салмағы оны шағынаудандағы көпшілікке бірден байқалатын итке айналдырған.
Көшеге шыққан кезінде Вестаны көрген тұрғындар оның ірілігіне қызығушылық танытып, тұқымы туралы сұрап жатады. Әсіресе иттің сабырлы қалпы мен айналаны бақылап жүретіні көпшіліктің назарын аударады.
Әділет үшін Вестаның ерекшелігі тек оның алып денесінде емес. Ең бастысы – иттің мінезі. Оның сөзінше, Веста артық агрессия танытпайды, себепсіз үрмейді және ауладағы жағдайды үнемі бақылап жүреді. Осы қасиеттері оны үй үшін жай ғана үй жануары емес, сенімді күзетшіге айналдырып отыр.
Кішкентай ғана күшік болып шаңыраққа келген Веста бүгінде бойы 80 сантиметрге жеткен алып төбетке айналды. Ал 60 келілік иттің күнделікті тіршілігіне әбден үйренген отбасы оны қазір өздерінің төрт аяқты досы әрі сенімді күзетшісі ретінде бағалайды.
Атыраудағы алып төбет Веста осылайша өзінің ерекше тұрқымен ғана емес, сабырлы мінезі және қырағылығымен де көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ



