Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті биылғы алты айда жүргізген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысын шығарды. Есепті кезеңде бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімді әрі заң талаптарына сәйкес пайдаланылуын бақылау бағытында бірқатар жұмыс атқарылып, жалпы сомасы 178,3 млрд теңгенің бұзушылығы анықталды.
Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 84,7 млрд теңгесі қаржылық, ал 93,6 млрд теңгесі рәсімдік сипаттағы кемшіліктерге тиесілі.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Жыл басынан бері камералдық бақылаумен 10 283 рәсім қамтылған. Оның нәтижесінде 1 265 мемлекеттік сатып алу рәсімінде жалпы сомасы 26,4 млрд теңгенің бұзушылығы анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы тапсырыс берушілерге 1 265 хабарлама жолданған. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Мүтиевтың айтуынша, олардың барлығы белгіленген тәртіппен толық орындалған.
Қаржылық және рәсімдік тәртіпті сақтау мәселесімен қатар, заң талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік шаралар да қолданылған. Есепті кезеңде 361 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 27,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Өндірілген айыппұл қаражаты толық көлемде бюджетке түскен.
Бұдан бөлек, департамент азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау бағытындағы жұмысты да жалғастырды. Алты ай ішінде мекемеге 402 өтініш түсіп, олардың барлығына белгіленген мерзімде тиісті жауап берілген.
Жалпы, жүргізілген жұмыстардың негізгі мақсаты – бюджет қаражатының заң талаптарына сай әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі тәртіпті күшейту және анықталған бұзушылықтарды жою арқылы қаржылық тәртіпті нығайту. Алдағы уақытта да мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау шаралары осы бағытта жалғасын табады.
Өз тілшіміз



