Ғылым дамуы үшін материалдық база мықты болу керек

(0 Votes)

Елімізде соңғы кезде біліммен бірге ғылым саласын да дамытуға зор көңіл бөлінуде. Бүгін – ғылым қызметкерлерінің күні. Ал, былтыр елімізде алғаш рет 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күні аталып өткен болатын. Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – материалдық-техникалық базаның толыққанды қалыптаспауы, екіншісі – ғалымдарды, соның ішінде жастарды ынталандыру, атап айтқанда, қаржылай қолдау ұйымдастыру ісі ақсап тұр. Мұны біз тілдескен атыраулық ғалымдар да жасырмады.

Жалпы, Атырау – мұнайлы мекен, өндірісті өңір. Ендеше, ғылыми-техникалық жетістіктер бұл жерде ауадай қажет. Осы орайда, аймақтағы ғылым саласының жай-күйі нешік? Мұнда ғылымның нақты қай бағыты дамыған? Жергілікті ғалымдарды қандай мәселелер толғандырады? Міне, бүгінгі әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбімек.

Ғылымға қызығатын жастар көп

Құрманғазы ауданынан шыққан атақты ғалым, техника ғылымдарының докторы, Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Есенғали Ғилажевтың пікірінше, бір кездері Ғылым академиясының жабылып қалуы елдегі ғылыми базаның күйреуіне әкеліп соққан... – Бұрын ғылымның әр бағыты бойынша арнайы база болды. Ғылыми орталықтар жұмыс жасады. Мәселен, Ғылым академиясы ғылыми институттарға бағыт-бағдар беріп отырды. Соған сәйкес, ғалымдарға қажетті қаражат бөлініп, керек құрал-саймандар алынды. Ал, академия жабылғанда соның бәрінен айырылып қалдық. Сол кезде министр болған Бақытжан Жұмағұлов «көше бойында көлік тоқтатқан МАИ қызметкеріне дейін ғылым кандидаты, ал, совхоз директоры ғылым докторы болып кетті» деп айтқаны бар. Ешқандай ғылыми еңбек жазбай, елдің маңызды бір мәселесін шешетін жаңалық ашпай ғалым атануға бола ма? Бұдан ғылым қалай дамиды, материалдық база қалай құрылады?

Бүгінгі ахуалға келсек, ғылымға қазіргі жастар қызығады, сол жағы қуантады. Баяғыда ғылым кандидаттарына қарата «ғылымның есігінен қарап тұрғандар», ал, ғылым докторларына «сол есіктен кіргендер» деп айтылушы еді. Енді сол кездегі кандидаттардың орнын бүгінде магистранттарымыз басып жатыр. Баяғыда демекші, кеңес дәуірінде қай саланы алсақ та, орталық – Мәскеу қаласына қарады ғой. Жас ғалымдар шет тілінде жазылған еңбектерді пайдалана алмады. Ал, қазір олай емес, ғалым боламын дейтін жанға барлық мүмкіндік бар.

Бірақ, шетелдік ғылыми журналдарға мақала шығару оңай емес. Оның талаптары өте қатал. Бұрын шетелдік басылымдарға тек бір ғана мақала берсе жететін еді. Бүгінде оның төрт деңгейі бар. Біздің студенттер көбіне үшінші-төртінші деңгейдегі мақаланы жазып жүр. Ал, алдыңғы деңгейге сай келетін мақаланы жазу үшін айлап емес, жылдап жұмыстануға тура келеді.

Ал, өзім еңбек ететін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Мұнай химиясы» зертханасы инженерлік бағытта жемісті жұмыс жасап келеді. Мұнда отыздай ғалым өздері ойлап тапқан ғылыми жаңалықтарға өнертабыс патентін алып үлгерген, - дейді ол.

Ғалымнан блогер көбейді

Иә, «оқу – инемен құдық қазғандай» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Қалай болғанда да, ғылымсыз ешбір сала алға баспайтыны анық. Сондықтан ғылымды дамыту бір сәтке де толастамауы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де биылғы халыққа Жолдауында шегелеп айтқан еді. «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деді Президент.

Алайда, соңғы кезде қоғамда ғылыми негізі жоқ алыпқашпа әңгімелермен халықтың санасын улап жүрген блогерсымақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Оларды күні кеше Президент те Мәслихат депутаттарының Республикалық форумында сынға алған болатын. Ал, Есенғали Ғилажұлы блогерлерге қай мәселені де ең алдымен ғылыми тұрғыдан зерттеп алуға кеңес береді. – Қазір қоғам арасында қит етсе, «ауаны ластап жатыр» деп өндіріс орындарын жабу қажеттігін алға тартатын блогерлер жиіледі. Мәселен, біздегі Атырау мұнай өңдеу зауытын жабу керектігі халық арасында көп айтылады. Бірақ, оны жауып, ел экономикасын құлдыратып алғаннан не пайда? Одан да зиянын азайтып, табысын көрген тиімді. Бұл үшін жаңа технологиялар қажет. Ал, оның артында үлкен ғылыми ізденістер тұр. Айтқым келгені, елдегі маңызды мәселелерді алыпқашпа әңгімелер шеше алмайды, ол үшін нақты ғылыми жұмыстар жүргізген жөн.

Сол сияқты, елімізде жастардың бірқатары намазға жығылып, дінге бет бұрып кетті. Әрине, Құдайға сеніп, иман келтіру керек шығар, бірақ білім мен ғылым да керек қой. Егер жастардың дені діннің соңында жүрсе, ғылымды, елді кім дамытады? Мәшһүр Жүсіптің сөзі бар ғой, «Құнанбайдың баласының Құдайы қайда екенін білмеймін, ал, менікі – жүрегімде» деген. Сол секілді, Құдайға құлшылық ету үшін бастысы, шынайы ниет болса жетіп жатыр деп ойлаймын. Ал, ғылымды ел болып дамытуымыз керек. Онсыз озық елдер қатарына қосыла алмаймыз, - дейді Қазақстанның құрметті профессоры.

Ядролық физика институты алда келеді

Енді елімізде ғылымның нақты қай бағыты жақсы дамып келе жатыр десек, қазір Ядролық физика институтындағы ғалымдардың жетістіктерін шетелдік мамандардың өзі мойындап отыр. Бұның өзі – мақтануға тұрарлық жоғары жетістік. Осы орайда, Атыраудан аталған институттың филиалын ашу да ойда бар екен. – Ғылым бір орында тұрмайды, жыл сайын қарыштап дами береді. Қазір тіпті, радиацияны емдік мақсатта да пайдалануға болатыны дәлелденіп отыр. Бұл арқылы көптеген аурулардан емделуге болатыны айтылып та, дәлелденіп те жүр. Сондай-ақ, мұнайды алатын болсақ, біз оны 450 градусқа дейін қыздырып, одан бензин, керосин секілді өзімізге қажетті заттарды аламыз. Ал, енді осының бәрін айналаны түтіндетпей арнайы трубка арқылы да алуға болады. Бұдан бөлек, елімізде қазір медицина ғылымы да жақсы дамып жатыр.

Айтпақшы, білім берудің болондық жүйесін енді түсініп жатырмыз. Бұрын балаға тапсырманы үйіп-төгіп, артынан төмен бағаны сатырлатуыш едік. Енді болондық үрдіс бойынша дәріс тек 10-15 минут қана оқылады да, қалғаны студенттердің талқысына салынады. Осылайша, студент алда өтетін дәріске дайындалып келеді. Бұрынғыдай ешкім шұбыртып лекция жазып жатпайды. Бұл да болса, жоғары білім берудегі тың әдістердің бірі деп топшылауға болады, - дейді ол.

Басты мәселе – климаттың өзгеруі

Қазір тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе – климаттың күрт өзгеруі. Алысқа бармай-ақ Атырауды алсақ, биыл көктемде өр суы арнасынан асып, Құлсары қаласын басып қалды. Бұлай боларын ауа райын болжаушылар да күтпеді. Тіпті, мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз да дайын болмады. Ғалымдар мұның артында жаһандық жылыну мәселесі жатқанын айтады. Яғни, уақыт өткен сайын күн де мөлшерден тыс ысып жатыр. Осыдан келіп, Солтүстік мұзды мұхитта мұзтаулар еруде. Ал, күннің ысуына не әсер етті? Бұған өндірістің де өз әсері бар. Себебі, одан көптеген зиянды заттар шығып, ауаға қосылады. Сондықтан өндіріс қуатын шектеп отыру керек.

– Соңғы кезде электр қуатымен немесе сутегімен қозғалатын көліктер көптеп шығарылуда. Неге? Себебі, мұнай-газ өндірісінен шығатын улы газдарды азайту керек боп жатыр. Жарық пен жылу беретін орталықтардың жұмысын да шектеу қажеттігі туындап отыр. Былайша айтқанда, әлем от жағудан бас тартуда. Өйткені, күннің ысып кетуінен қауіптенуде. Қарапайым мысал келтірсек, біз қазір көлікте жағып жүрген көмірқышқыл газы аспандағы озон қабатын тесіп өтіп, радиацияның көбірек түсуіне алып келуде. Бұдан күн ысымай қайтеді? Екіншіден, полимерден жасалған заттар әлемді жаулап алды. Біз оларды күнделікте өмірде пайдаланып келеміз. Ал, олар ұзақ уақытқа дейін ыдырамайтыны белгілі. Бұл табиғатқа ауыр зардабын тигізуде. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай ақылды болған десеңізші! Олар барлық масқатқа да бір дорбаны пайдаланатын еді. Одан ешкім жапа шеккен жоқ. Ал, қазіргі адамдар дорбамен жүруге ұялады ғой, - дейді құрманғазылық ғалым Есенғали Ғилажев.

Ғалыммен сұхбат

Еліміздің өсіп-өркендеуі мен мемлекетіміздің қарыштап дамуы тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Қазақстанның әлемге танылуы ондағы ғылыми жетістіктерге де байланысты. Демек, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін ғылымды дамыту керек. Осы орайда, елімізде, соның ішінде өндірісті өңір Атырауда ғылым саласы қалай дамып жатыр, ғалымдардың, әсіресе, жас өнертапқыштардың жаңа жобалары қалай жүзеге асуда, оларға қаржылай қолдау көрсетіліп жүр ме, міне, осы және өзге де тақырыптар турасында біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің белгілі ғалымы, информатика мамандығы бойынша философия ғылымдарының докторы (PhD) Мейрамгүл Мұхамбетовамен әңгімелескен едік...

– Мейрамгүл Жароллақызы, алдымен Сізді жуырда өткен жас ғалымдар жобасында арнайы қаржыландыруға ие болуыңызбен құттықтаймыз. Ендеше, осы жоба жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...

– Рахмет! Иә, бұл жас ғалымдар жобасына мен екінші мәрте қатысып отырмын. Себебі, алғашқысында бір ғана балл жетпей қалып, қаржыландырудан қағылып қалған едім. Есесіне, бірінші рет қатысқан кезде өзіме айтылған кемшіліктерді ескеріп, кейін түзеп, енді бүгін жоғары баға алып, қуаныштан төбем көкке жетіп отырған жайым бар. Жалпы, бұл жоба – жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы болып табылады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады үш жылда бір рет өткізіледі. Жобаға қырық жасқа дейінгі ғалымдар ғана қатыса алады. Мақсаты – постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін қаржыландыру. Түптеп келгенде, бұл – жастарды ғылымға тартуға қызықтыру және зерттеу жұмысымен терең айналысуға ынталандыру шараларының бірі болып саналады.

– Ендеше, Сіз байқауға қандай жоба ұсындыңыз және ол қалай жеңіске жетті?

– Менің жобамның тақырыбы – «Ұлттық есептеулер және IoT технологиясының интеграциясы негізінде мұғалімдердің даярлықтарын жетілдіруге арналған цифрлық портал әзірлеу». Өзім информатик маман болғандықтан, осы бағытта ізденгенді жөн санадым.

– Сонда Сіз ашқан жаңалықтың жаңашылдығы неде?

– Ол STEM (жаратылыстану, технология, инженерия және математика) бағытына қызығушылығы бар ұстаздардың даярлықтарын жетілдіруге көмектеседі. Мәселен, мектептегі математика, физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері роботехникамен дос болуы керек. Жоғары айтып өткен IoT дегеніміз бұл – қарапайым тілмен айтқанда заттар интернеті деген сөз. Бұл жерде робототехника мүмкіндіктерін пайдаланып интеллектуалды дүниелер жасап шығаруға болады. Мен соны ұлттық есептеулермен байланыстырдым. Енді менің бағдарламам арқылы үйден шықпай-ақ басқа бір елдің серверімен жұмыс жасай аласыз. Бұл үшін программа орнатудың да қажеті болмайды. Тек ғаламтор қолжетімді болса жетіп жатыр. Менің қосымшам лезде нақты уақыт режимінде деректерді өңдей алады. Айталық, датчиктердегі мәліметтерді жинап, кейін оны бұлттағы серверге жіберіп өңдеуге болады. Міне, осындай алдыңғы қатардағы технологияны біз мұғалімдерге үйретудеміз. Менің цифрлық порталым адамдардың географиялық мекен-жайына қарамастан онлайн режимде өзара кез келген күрделі деректерді алмасуға мүмкіндік береді.

– Өзіңіз туралы да толығырақ біле отырсақ...

– Мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алып, еңбек жолымды осы жерде бастадым. Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жатқан студенттерге дәріс бердім. Оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарды қатар атқарып жүрдім. Қазір де осы жерде еңбек жолымды жалғап келе жатырмын.

Мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне информатика мамандығына докторанутраға оқуға түстім. Онда оқудан бөлек ғылыммен де жан-жақты айналысуға уақыт болды. 2017 жылы докторантура бойынша өңірлерге арнайы мақсаттық гранттар бөлінді. Соны жиырмадан астам университет оқытушысы жеңіп алды. Ал, докторлық диссертациямды 2020 жылы сәтті қорғап шықтым. Осылайша, үнемі ғылыми ізденіс үстінде болғым келеді. Оның тәтті жемісін де татып жатырмын, соған қатты қуанамын.

– Ал, ғалымдардың мектеп мұғалімдерімен байланысы қалай?

– Бұл екеуі өзара тығыз байланыста болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, мұғалімдер ғалымдардың жаңашыл әдістемелік-технологиялық жобаларына мұқтаж. Өз кезегінде ғалымдар сол мұғалімдердің біліктілігін одан әрі жетілдіруге өз үлесін қоса алады. Бұған өзімнің ғылыми жобамды даярлау барысында анық көз жеткіздім десем де болады. Менің жобам тек мұғалімдерге ғана емес, оқытушы-ғалымдарға да пайдалы болады деп сенемін. Өйткені, мен құрастырған цифрлық порталдың ІТ және инженер мамандарын дайындауға көмегі мол.

– Жалпы, жас ғалымдарға мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі?

– Бүгінде талапты жасқа қаржылай да, басқа да қолдау жетіп жатыр деп айта аламын. Тек ерінбей жұмыстануға тура келеді. Айталық, өзім қатысып отырған КМУ (Конгресс молодых ученых), яғни, жас ғалымдар жобасына қатысушы докторанттарға мақсатты гранттар бөлінеді. Бұдан бөлек, жалпы гранттар да бар. Сондай-ақ, елімізде ғылым туралы арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Соңғы кезде ғылыммен айналысып жүрген жандарға қолжетімді баспанаға дейін беріліп жатыр. Ал, «500 ғалым» деген тағы бір жобада қатысушылар шетелдік тағылымдамадан өтеді. Қысқасы, жастарға ұсынылып отырған мүмкіндік мол, енді тек ұмтылыс қана қажет.

Өзіміздің білім ордамызға оралсақ, мұнда Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Оған мүше ғалымдар жиын өткізіп, өзекті мәселелерді ортаға салып отырады. Мәселен, жуырда аймаққа сала министрінің орынбасары келген сәтте облыстан технопарк салу және арнайы зертханалар ашу мәселесін көтердік. Ал, 2017 жылдан кейін менің ғылыми қызметімде жаңа бір леп пайда болды деуге болады. Айтпақшы, биыл менің бір шәкіртім докторлық диссертация қорғады. Енді ол өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосып жүр. Басқа да экология, ІТ, педагогика және елдің зияткерлік әлеуеті бағытында ізденіп жүрген ғалымдарымыз жетерлік.

– Құпия болмаса, ғылыми жетістіктеріңіздің сыры неде?

– Мен бұл салада жиырма жылға жуық уақыт талмай-тынбай еңбектеніп келемін. Содан түйгенімді айтсам, ғалымдарға материалдық қолдау аздық етеді. Олар рухани қолдауға да мұқтаж. Осы орайда, отбасы маңызды роль ойнайды. Ендеше, мені де отбасым қолдамаса, осы жағдайға жетемін бе, жоқ па, белгісіз. Сондықтан, ғылыммен айналысқан кезде жанұя мүшелері де түсіністік танытуы қажет деп санаймын. Бұл ретте, менің жолым болды дей аламын. Ғалымдар да қаламгерлер секілді шығармашылық шабытқа тәуелді келеді. Егер шабыты келсе, төгіп тастайды. Ал, болмаса, аздаған кідіріс алады.

Естеріңізде болса, сонау тоқсанынша тоқырау жылдарында мұғалімдер жаппай өндіріс пен сауда саласына кетіп қалған еді ғой. Солар бүгінде білім ұялары мен жоғары оқу орындарына оралып жатыр. Себебі, ұстаздарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай да, басқа да қолдау шаралары еселеп артты. Педагог мәртебесінің қабылдануының өзі неге тұрады? Міне, жас ғалымдарға да осындай қолдау үзілмеуге тиіс. Сонда біздің еліміз технологиялық та, басқа да жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырары айдан анық.

Р.S. Қорыта келгенде, әңгімеміздің соңын Мемлекет басшысының: «Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек» деген сөзімен аяқтағымыз келеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT