Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін соғыс ардагері Кенжебай Мәденұлы Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды. Бұл – тарихи әділдіктің салтанат құруы, ел үшін от кешкен ердің есімін ұлықтаудың айқын көрінісі.
Кенжебай Мәденұлы Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша бұл өңір Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарайды. Балалық шағы қарапайым ауыл тіршілігімен өткен ол жастайынан еңбекқорлығымен, алғырлығымен көзге түседі.

1943 жылдың 8 қаңтарында, небәрі 18 жасқа толар-толмас шағында, өз еркімен Қызыл Армия қатарына аттанып, ел қорғау жолына түседі. Сол жылдың қараша айында Краснохолмск жаяу әскер училищесінің кіші командирлер курсын тәмамдап, Үшінші Украина майданы құрамындағы 8-гвардиялық армияның 57-атқыштар дивизиясының 170-гвардиялық атқыштар полкінде станкілік пулемет бөлімшесінің командирі болып тағайындалады.

Кейін офицерлік курсты аяқтап, «кіші лейтенант» шенін алады. Бірінші Белорусь майданының 5-екпінді армиясына қарасты 266-атқыштар дивизиясының 1008-атқыштар полкінде атқыштар взводының командирі ретінде майдан даласында ерлік көрсетеді.
Ол Украинаның оң жағалауын азат ету, Молдавиядағы Яссы-Кишинев операциясы, Польша мен Варшава қаласын босату, Висла-Одер операциясы сияқты ірі әскери қимылдарға қатысып, Берлинге дейін жетті. Соғыстың шешуші кезеңдерінің бірі – Берлин үшін шайқаста оның батылдығы айрықша көрінді.
1945 жылғы 29 сәуірде Берлин қаласындағы ратушаға жасалған шабуыл кезінде Кенжебай Мәденов басқарған взвод алғашқылардың бірі болып ғимаратқа басып кірді. Бұл сәтті Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков өз еңбегінде ерекше атап өтеді. Жауынгерлер оқ пен оттың ортасында ғимарат қабырғаларын жарып, ішке еніп, әр бөлме үшін қиян-кескі ұрыс жүргізді.
Ауыр жарақат алғанына қарамастан, К.Мәденов ратушаның күмбезіне көтеріліп, жау туын құлатып, Қызыл туды тігуге қатысқан. Бұл – оның қайсарлығы мен отансүйгіштігінің айқын дәлелі. Сол шайқаста оның қасында болған қаруластары да ерекше ерлік танытқан.
Алайда дәл осындай қаһармандығына қарамастан, сол кезеңде Кенжебай Мәденов лайықты жоғары марапатқа ие бола алмады. Оның қаруласы Константин Громов «Кеңес Одағының Батыры» атағын алғанымен, Мәденовтің ерлігі ұзақ уақыт бойы толық бағаланбай келді.
Соғыс жылдарында ол екі рет ауыр жарақат алды. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскери қызметін жалғастырып, Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет етті. Кейін бейбіт өмірге оралып, 1946-1949 жылдары Қаратөбе ауданында еңбек етті.
1949 жылдан бастап өмірінің соңына дейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарды. Алдымен Батыс Қазақстан облысында, кейін Гурьев (қазіргі Атырау) облысында еңбек етіп, «жедел уәкілден» бөлім басшысына дейін көтерілді. Подполковник шеніне дейін жетіп, қызметін адал әрі мінсіз атқарды.
Кенжебай Мәденов тек әскери қызметте ғана емес, азаматтық өмірде де үлгі бола білді. Ол қарапайымдылығымен, адамгершілігімен, әділдігімен ерекшеленіп, әріптестері мен замандастарының құрметіне бөленді. Жас ұрпақ арасында әскери-патриоттық тәрбие беруге белсене атсалысты.
Жауынгерлік ерлігі мен ұзақ жылғы қызметі үшін ол екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 11 медальмен марапатталды. Олардың қатарында «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары бар. Сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын иеленген.
1974 жылы 26 желтоқсанда Гурьев қаласында соғыста алған жарақаттарының салдарынан дүниеден өтті. Дегенмен оның есімі халық жадынан өшкен жоқ. Атырау қаласында оның атымен көше аталып, ҰҚК департаменті ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.
Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы көптеген кітаптар мен ғылыми еңбектерде жазылып, оның есімі мектеп оқулықтарына енді. Белгілі журналистер мен зерттеушілер оның ерлігін жоғары бағалап, «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін бірнеше рет көтерді.
Тек жылдар өте келе тарихи әділдік орнап, ердің еңбегі еленді. Бұл – бір ғана адамның емес, соғыс жылдарында жанын қиған тұтас ұрпақтың ерлігіне көрсетілген құрмет.
Кенжебай Мәденовтің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен елдіктің мәңгілік үлгісі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


