Еңбек маусымы мәресіне жетті

Еңбек маусымы мәресіне жетті
(0 Votes)

Махамбет ауданында  «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXII еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған шараға еңбек жасағының сарбаздары, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысты.

Жаз бойы «Жасыл ел» сарбаздары елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты. Биыл жобаға 200-ге жуық жас өтініш білдірсе, олардың 120-сы жұмыспен қамтылып, жазғы еңбек маусымына белсене қатысты.

Маусымның жабылу салтанатында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, тазалық пен абаттандыру жұмыстарына үлес қосқан бірқатар жас аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттарды аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлфайруз Төлегенова табыстады.

– «Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулып қана қоймай, туған жерге деген жауапкершілігін арттыратын маңызды жоба. Биыл да аудан жастары еңбек маусымында белсенділік танытып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне атсалысты. Осындай жұмыстар арқылы жастар еңбек тәжірибесін жинақтап, қоғамдық ортаға өз үлесін қосудың маңызын түсінеді. Маусым бойы табанды еңбек еткен барша жасқа алғысымызды білдіреміз, – деді Г.Төлегенова.

Аудан әкімінің Алғыс хатына ие болғандардың қатарында «Жасыл ел» сарбазы Мадияр Каримов те бар. Алғыс хатта оның «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында туған өлкенің тазалығы мен абаттануына қосқан үлесі, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, еңбекқорлығын таныта білгені атап өтілген.
– Жазғы еңбек маусымы мен үшін пайдалы әрі есте қаларлықтай өтті. «Жасыл ел» қатарында жүріп, өз ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне аз да болса үлес қосқанымызға қуаныштымын. Бірге еңбек етіп, жаңа достар тауып, жауапкершілік пен еңбектің қадірін түсіндік. Еңбегіміздің бағаланып, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болуым –мен үшін үлкен мәртебе. Бұл алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға ынталандырады, – дейді М.Каримов.

Салтанатты шара тек марапаттаумен шектелген жоқ. Кеш барысында театр актерлері жастармен түрлі қызықты ойындар өткізіп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар әннен шашу шашып, еңбек маусымын қорытындылауға жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Осылайша, «Жасыл елдің» кезекті еңбек маусымы қорытындыланып, жаз бойы аудан тазалығына үлес қосқан жастардың еңбегі еленді. Маусым аяқталғанымен, жастардың туған жерді таза ұстап, оның көркеюіне үлес қосуға деген талпынысы жалғаса бермек.

Қ.БАҒЫТ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT