Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, елдегі шетелдік қаржыландырудың пайдаланылуына қатысты ашықтықты күшейтуді ұсынды.
Бұған Мемлекеттік кірістер комитетінің шетелдік көздерден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың жаңартылған тізілімін жариялауы себеп болды. Алғаш рет ашық қолжетімді деректер қатарында қаржы алушылар туралы мәліметтермен бірге қаржыландыру көлемі мен оның көздері де көрсетілді.
Депутаттық сауалда келтірілген мәліметке сәйкес, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ғана Қазақстанға тартылған шетелдік қаржыландыру көлемі 12 млрд теңгеден асты. Бұл қаражаттың бір бөлігі медиа, құқық қорғау және сараптамалық қызметпен айналысатын ұйымдарға бағытталған.
Сауал авторларының пікірінше, қазіргі тізілім форматы шетелден бөлінген қаражаттың мақсаттары мен нәтижелерін толық бағалауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан олар ашық түрде нақты жобалар, қаржыландыру мақсаттары, мердігерлер, қосалқы мердігерлер және түпкілікті орындаушылар туралы мәліметтерді жариялауды ұсынады.
Сондай-ақ депутаттар шетелдік гранттар мен бағдарламалар есебінен жүзеге асырылған зерттеулер, медиа-науқандар және қоғамдық бастамалардың нәтижелері туралы ақпаратты да жариялау қажет деп санайды.
Сауалда үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тыйым салу мәселесі көтерілмегені атап өтілген. Негізгі мақсат – шетелдік қаржының жұмсалуына қатысты ашықтықты арттырып, қоғамдық бақылауды күшейту.
фото: magnific.com




