Дауыс беру үшін барлық жағдай жасалған

(0 Votes)

Атырау облысында 285 референдум комиссиясының құрамындағы 2091 адам дауыс беру күні өз жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 9 комиссия – аумақтық, 276-сы – учаскелік.
Барлық 276 референдум учаскесі уақытылы ашылды, заң талаптарына сәйкес таңғы сағат 6-да учаскелік референдум комиссиялары жұмыстарына кірісті.
Дауыс беру процесі сағат 7-де басталды. Атырау қалалық аумақтық референдім комиссиясының шешімімен әскери бөлімшесінде құрылған №75 учаскедегі дауыс беру уақыты сағат 06:00-де басталды. Бұл туралы Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева брифингте мәлім етті.
Облыс бойынша дауыс беруге қатысуға құқығы бар 416 619 азамат алдын ала тізімге енгізілген, оның ішінде 4 699-ы мүгедектігі бар азаматтар.

-Дауыс беру орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасалған. Бүгін жалпы облыс бойынша қажеттілікке қарай 137 инватакси, 27 сурдоаудармашының жұмысы ұйымдастырылған. Барлық учаскеде арнайы бұрыштар жабдықталған, дауыс беру үшін талапқа сай кабиналар орнатылған. Жаңа Конституция жобасының мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде плакаттарға басып шығарылып және аудионұсқасы учаскелерде орнатылған. Брайль қарпінде дайындалған бюллетеннің трафареті, қосымша жарық шамы, лупа, құлаққап, бюллетенді толтыру тәртібі туралы аудиожазбамен барлық учаскелер қамтылған. Бүгін Жас сайлаушылар клубтарының мүшелері мен еріктілер де қариялар мен мүгедектігі бар адамдарға дауыс беру үй-жайына барып, келу үшін көмек көрсетуде,- деді облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы.
Референдум күні байқау жұмысын жүргізетін 11 республикалық және 17 өңірлік қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттеуден өткен. Жалпы учаскелерде 285 байқаушы өз жұмысын бастады. Әзірге халықаралық байқаушылар жоқ.
Айта кетелік, бүгін облыс бойынша 210 учаскенің жанында онлайн сервис қызметі ұйымдастырылған. Олардың 121-і Атырау қаласында, қалғандары – аудандарда. Егер дауыс беруге келген азамат тізімде болмаса, осы сервис қызметі арқылы арнайы дайындалған комиссия мүшелері азамат қай жерде тұрақты тіркелгендігін анықтап, сол учаскенің аумағында тіркелген азамат болса, ол тізімге енгізіліп, азаматқа бюллетень беріледі. Басқа жерде тіркелген азамат болса, оған қай учаскеге барып дауыс беретіні түсіндіріледі.
Дауыс беру күніне дейін дауыс беру күні, уақыты және орны туралы ақпарат қамтылған QR коды бар 400 мың астам дербес шақырулар жасы 18 жасқа толған жергілікті тұрғындарға таратылды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер арқылы PUSH-хабарламалар, телеоператорлар арқылы СМС шақырулар таратылған болатын.
Жалпы барлық учаскелерде дауыс беретін азаматтарға, байқаушыларға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне дауыс беру үшін үй-жайларында жағдай жасалған. Дауыс беру процесі жүріп жатыр.

Рита Өтеуғали
Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT