Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. Мониторинг барысында сауда үстемесін белгіленген 15 пайыздық шектен асырған және тауар бағасын сөреге қоймаған 107 кәсіпкерлік субъектісі анықталды. Оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 31 түрі бақылауға алынған. Мониторингтік топтар үй маңындағы дүкендерді аралап, кәсіпкерлерге сауда саласындағы заң талаптарын түсіндіреді. Сонымен қатар делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия отырыстары апта сайын өткізіледі.
Анықталған 107 кәсіпкердің 28-і сауда үстемесін 15 пайыздан асырған. Ал 79 кәсіпкер тауар бағасын сөрелерге қоймағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.



