Қазір Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары жалғасуда. Облыстық ауыл шаруашылығы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапановтың сөзінше, бүгінде маусымаралық кезеңге арналған тұрақтандыру қорының жалпы көлемі 10 мың тоннадан асқан.
–Қорда 4 900 тонна картоп, 1 600 тонна сәбіз, 2 100 тонна пияз, 1 100 тонна қырыққабат және 260 тоннаға жуық ет бар. Мұның өзі өңір тұрғындарын күнделікті қажетті азық-түлікпен үзіліссіз қамтамасыз етуге жеткілікті көрінеді. Биылғы көрсеткіш өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 150 пайызға артқан.
–Бұл өнімдер облыс аумағындағы жиырмадан астам сауда нүстесінде сатылып, базар бәсінен 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылуда. Осылайша, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ашылған сауда павильондарында картоптың келісі – 180, пияз – 131, сәбіз – 152 және қырыққабат 142 теңгеден тұтынушыларға ұсынылуда, — деді салалық басқарманың өкілі.
Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары облыс орталығындағы «Марко» супермаркеттерінде де бар. Көп кешікпей бұлардың қатарын қаладағы «Клубничный рай» сауда желісіне қарасты дүкендер толықтырмақ. Мұның сыртында, қала мен аудандарда апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де азық-түлік бағасының бір деңгейде тұрақтап, көтерілмеуіне септігін тигізуде.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: Ашық дереккөз


