Атыраулықтар тазалықты міндет емес, өмір салты ретінде қабылдауда

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» бастамасының мәнін тек көшені, ауланы немесе саябақты қоқыстан тазалаумен шектеуге болмайды. Оның түпкі мақсаты – адамның туған жеріне, өзі өмір сүріп отырған ортасына деген жауапкершілігін қалыптастыру. Осы тұрғыдан қарағанда, мұнайлы мекен – Атырауда жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының маңызы ерекше.

Тарихқа көз жүгіртсек, елдің өркениеті мен мәдениеті ең алдымен оның қоғамдық кеңістігіне деген көзқарасынан байқалады. Ата-бабамыз «Тазалық – иманның жартысы» деп бекер айтпаған. Қазақ қоғамында аула, ауыл, қоныс, бұлақ, өзен-көлдің тазалығын сақтау жеке адамның ғана емес, бүкіл қауымның ортақ міндеті болған. Бүгінгі «Таза Қазақстан» бастамасы – сол дәстүрдің заманауи мазмұндағы жалғасы.

Атырауда бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі – оған қоғамның әр буынының араласуы. Жастардың да, аға буын өкілдерінің де, түрлі сала қызметкерлерінің де ортақ іске жұмылуы азаматтық бірліктің көрінісі. Бұған дейінгі шаралардың өзінде өңірде мыңдаған адамның қатысуы, жүздеген тонна қоқыстың шығарылуы, көгалдандыру жұмыстарының жүргізілуі бастаманың ауқымын көрсетеді.

Меніңше, акцияның науқандық сипаттан арылып, тұрақты әрі жалпыхалықтық сипат алуының басты кілті – тазалықты міндет емес, өмір салты ретінде қабылдауда. Егер адам сенбілік кезінде ғана айналаны тазалап, келесі күні қайтадан қоқыс тастайтын болса, онда жұмыстың нәтижесі уақытша болып қалады. Ал бала ата-анасынан, жас буын аға ұрпақтан тазалықтың күнделікті мәдениет екенін көріп өссе, бұл әдет ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Сондықтан «Таза Қазақстанның» ең үлкен нәтижесі жиналған қоқыстың көлемімен емес, адамдардың мінез-құлқындағы өзгеріспен өлшенуі керек. Қоқысты кез келген жерге тастамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қоғамдық орынды бүлдірмеу, ағашты қорғау, өз ауласына жауапкершілікпен қарау – осының бәрі экологиялық мәдениеттің көрсеткіші.

Атырау үшін бұл мәселенің маңызы тіпті жоғары. Мұнайлы өңір болғандықтан, экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау қатар жүруі тиіс. Біз табиғи байлықты өндірумен ғана емес, туған жердің табиғи ортасын сақтаумен де болашақ алдындағы жауапкершілігімізді айқындаймыз. Сондықтан өндіріс мәдениеті мен экологиялық мәдениет бір-бірінен бөлек қаралмауы қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – тазалық жұмыстарының сапасы. Көшені тазалау ғана жеткіліксіз. Қоқыстың қайта жиналу себептерін анықтау, қалдықтарды уақытылы шығару, абаттандырылған аумақтарды күтіп ұстау, жасыл желекті сақтау, тұрғындардың ұсыныс-шағымына жедел әрекет ету секілді жүйелі жұмыстар қатар жүруі керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» нақты нәтижеге бағытталған қоғамдық қозғалысқа айналады.

Бүгінде бұл бастаманың жастар тәрбиесіне де ықпалы зор. Экологиялық акцияға қатысқан жас адам тазалықты сырттан бақылаушы емес, өз қолымен қалыптастырушы азамат екенін сезінеді. Бұл – патриотизмнің де бір көрінісі. Өйткені Отанды сүю – үлкен ұрандардан ғана емес, өз аулаңды, көшеңді, қалаңды таза ұстаудан басталады.

Менің ойымша, «Таза Қазақстанның» болашағы – сенбіліктердің санын көбейтуде емес, сенбілікке деген қажеттілікті азайтуда. Яғни қоғам тазалықты арнайы акция кезінде ғана емес, күнделікті өмірде сақтайтын деңгейге жетуі керек. Сол кезде біз «Таза Қазақстан» деген атауды акция ретінде емес, қалыптасқан қоғамдық мәдениеттің атауы ретінде қабылдайтын боламыз.

Атыраудағы бүгінгі бастамалардың құндылығы да осында. Тазалыққа үлкеннің де, кішінің де атсалысуы – қоғамда ортақ жауапкершіліктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, осы үрдісті үзбей, оны отбасылық тәрбиеге, мектеп мәдениетіне, еңбек ұжымдарының корпоративтік мәдениетіне және жалпы азаматтық мінез-құлыққа айналдыру қажет.

Таза қала – ең алдымен тазалықты ойлайтын таза сана қалыптасқан жерде болады. Ал таза сана қалыптасқан қоғам ғана өзінің болашағына жауапкершілікпен қарайды.

Амангелді Шамғонов,

тарих ғылымдарының докторы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT