Атыраулық теміржолшы «Құрмет» орденімен марапатталды

(0 Votes)

Халықаралық әйелдер күніне орай Президенттің Жарлығымен жоғары мемлекеттік марапатқа ие болғандардың бірі – атыраулық Ажар Ахметова.

Жылыой өңірінің тумасы Ажар Еңсепқызы теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанына биыл 36 жыл толып отыр. 1990 жылы Гурьев теміржол транспорты техникумын “пайдалану қызметінің технигі” мамандығы бойынша тәмамдаған ол өндірістен қол үзбей жүріп, Атырау инженерлік гуманитарлық институтын автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша бітіріп, бакалавр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 22 жасында Құлсары қаласындағы теміржол вокзалы кассасында жолаушыларға қызмет көрсетуден бастаған Ажар Еңсепқызы 17 жылдан бері «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ «Жолаушылар тасымалы» Батыс аймақтық филиалы Атырау телімі билет кассаларының меңгерушісі қызметін мінсіз, адал және абыройлы атқарып келеді.

– Салада еңбек еткен жылдары ішінде Ажар Еңсепқызы кәсіпорын әкімшілігі мен жоғары тұрған инстанциялар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан түрлі мақтау-марапаттарға ие болды. Ал осы жолғы марапаттың жөні бөлек, мәні ерекше. Әріптесіміз еліміз бойынша жоғары наградаға ұсынылған үміткерлердің арасынан топ жарып, кеудесіне «Құрмет» орденін тағып, баршамызды мақтаныш пен мерейге бөледі, – дейді ұжымдастары қуаныштарын жасырмай.

Дәулетқали АРУЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT