Жыл басынан бері Атырау облысында 788 тұтынушының құқығы қорғалды. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тұрғындарға жалпы сомасы 30,2 миллион теңге қайтарылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы уақыт аралығында департаментке 1 477 өтініш келіп түскен. Оның 419-ы бойынша мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, жүздеген жағдайда азаматтарға ақшаларын қайтаруға көмектескен.
Тұрғындардың шағымдары көбіне тұрмыстық техника, киім-кешек, автокөлік және жиһаз сатып алу кезінде туындаған мәселелерге қатысты болған.
Тұтынушылардың шағымдары негізінде 12 кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң талаптарын бұзғаны үшін оларға жалпы 920 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ведомство өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес іш киім, өсімдіктер, жануарлар, абоненттік қызметтер және метрлеп сатылатын тауарлар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайтынын еске салды.
гер сатушы қайтаруға болатын тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде қабылдаудан бас тартса, тұтынушы e-Өтініш платформасы арқылы шағым бере алады. Өтініш қаралғаннан кейін департамент қаражатты қайтаруға немесе тауарды айырбастауға жәрдем көрсетеді.
Қайрат Әбуов



