Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 2025 жылды қоғамдағы еңбекқор және нағыз маман идеясын насихаттау мақсатында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай өңірде Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, сонымен бірге Атырау облысы ішкі саясат басқармасы, Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылған «Томирис» көшбасшы қыздар кездесуі өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесуге өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында кәсіби жетістіктерімен ерекшеленген, өз ісінің шыңына көтерілген және көшбасшылық қабілеттерімен танылған «Ембімұнайгаз», «Теңізшевройл», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» сияқты ірі компаниялардан арнайы спикерлер шақыртылды.
Жиында сөз алғандар көшбасшылық қабілеттері мен жеке жетістіктері арқылы аруларды өз мақсаттарына жетуге шабыттандырып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар «Білім алуға жас та, уақыт та кедергі емес, ең бастысы — жаңашылдықты үйренуге деген құштарлық пен жігер» және «Қорқынышқа бой алдырмай, өз мүмкіндігіңді жіберіп алма» деген өмірлік қағидалары арқылы тыңдаушылар ды сенім мен үмітке толы жаңа қадамдарға шақырды.
Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Фатима Төлеева «Томирис» көшбасшы қыздар кездесуінің жас буынды қолдауға бағытталған маңызды қадам екендігін атап өтті.
- Мұндай іс-шаралар жас буынды дамытумен қатар ел болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосатын жаңа көшбасшылардың пайда болуына септігін тигізеді. Осы кездесу арқылы жұмысшы мамандығын ұлықтауымыз керек. Өйткені әр уақытта да еліміздің қыздары, аналары ел экономикасының дамуына зор үлес қосуда. Сондықтан да олардың еңбегі елеусіз қалмауы керек деп есептеймін, - деді ол.
Сондай-ақ кездесу барысында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова бұл жиынның жастар үшін тәжірибе алмасу ғана емес, студенттердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың өмірдегі өз орнын табуға көмектесетініне тоқталды.
- Құрметті қатысушылар, жас қыз-келіншектеріміздің белсенділігі мен табандылығы елдің жарқын болашағының кепілі деп білемін. Еңбек адамы болу — абыройлы іс. Елімізде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Сондықтан сіздер — бүгінгі студенттер, ертеңгі күннің кәсіби шеберлері болуға тиіссіздер. Осы жолда сапалы білім алып, үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін, - деді Г.Шакуликова.
Айта кетейік, кездесуге 200-ге жуық жоғары оқу орны мен колледж студенттері, сондай-ақ мектептің жоғары сынып оқушылары және көшбасшы қыздар мен әйелдер қатысты.