Атырауда педагогтердің эмоционалдық саулығын қолдауға арналған «Ұстазға қуат» жобасы басталды

(0 Votes)

Атырауда мұғалімдердің эмоционалдық әл-ауқаты мен кәсіби дамуына бағытталған «Ұстазға қуат» жобасының ресми ашылуы өтті. Бастама «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясындағы қолдауымен «Шәкірт» қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылуда.

 

Бағдарламаға Қонаев атындағы және «Жайық» Binom мектептерінің, Атамбаев атындағы №8 орта мектептің, Гагарин атындағы №4 мектептің, Кіші өнер академиясының және Мөңкеұлы атындағы №6 орта мектептің 60 педагогі қатысуда.

 

Жоба аясында мұғалімдер эмоционалдық интеллектіні дамыту, күйзелісті басқару әдістерін меңгеру, тиімді коммуникация, командалық жұмыс, көпшілік алдында сөйлеу және өзін-өзі реттеу дағдыларын жетілдіреді.

 

«Ұстаздық ұлағат» жобасының жетекшісі әрі «Шәкірт» қайырымдылық қорының басшысы Гүлнара Абдулинаның айтуынша, бүгінде педагогтерге қолдау көрсету аса өзекті мәселеге айналған.

 

«Бұл жоба мұғалімдерді қолдау үшін, олардың үнемі ресурстық жағдайда болуы үшін құрылған. Негізгі бағытымыз — эмоционалдық интеллект пен стресс-менеджмент. Мектептерде ақпараттық кездесулер өткізген кезде өте жақсы кері байланыс алдық. Ұстаздардың өздері мұндай қолдаудың дәл қазір аса қажет екенін айтты», — деді Гүлнара Абдулина.

 

Оның сөзінше, жоба ұзақ мерзімге жоспарланған және бір жыл бойы жүзеге асырылады. Ресурстық сессиялардан бөлек, бағдарлама аясында йога сабақтары, рефлексиялық кездесулер, топтық жұмыстар және коуч-сессиялар өткізіледі.

 

Жоба қатысушысы Бақытгүл Хамзинаның айтуынша, қазіргі мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар психолог, мотиватор және көшбасшы рөлін қатар атқарады.

 

«Жоғары жауапкершілік педагогтердің эмоционалдық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан осындай бастамалар кәсіби қауымдастық үшін өте маңызды», — деді ұстаз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT