Атырауда «Atyrau Creative Hub» шығармашылық хабының ашылуы аясында «Көктем» атты ерекше көрме ұйымдастырылды. Көрмеде республика бойынша суретшілердің креативті әрі заманауи туындылары ұсынылып, келушілер назарына тың бағыттағы жұмыстар таныстырылуда.
Жоба жетекшісі, креатив продюсер, стратег Малика Оразғалиеваның айтуынша, экспозицияға еліміздің әр өңірінен жиналған ең үздік шығармалар қойылған. Оның сөзінше, көрмедегі әрбір туындының өзіндік тарихы бар және негізгі тақырып су мен теңізге бағытталған.
Сондай-ақ, соңғы төрт жыл ішінде жоба аясында 4 арт-резиденция өткізіліп, жұмыстар Атырау және Маңғыстау облыстарында жүзеге асқан. Көрмелер Атырау, Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылып, 30 қаладан келген суретшілер мен зерттеушілерден 200-ден астам өтінім қабылданған.
Жоба әлеуметтік желілерде де кең қолдауға ие болып, 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған. Ал көрмелерге жалпы саны 30 мыңнан астам көрермен келген.
Айта кетейік, бұл көрме жас суретшілерді қолдауға, заманауи өнерді дамытуға және шығармашылық идеяларды насихаттауға бағытталған. Нұргүл Насыр


