Атырау облысы бойынша 2026–2027 оқу жылына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына үміткерлерді қабылдау науқаны басталды. Қабылдау келесі оқу орындарына жүргізіледі:
• ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы;
• ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы;
• ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы;
• ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты.
Аталған оқу орындарында «Құқық қорғау қызметі», «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі», «Жедел криминалистикалық қызмет», «Жедел-іздестіру қызметі», «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл қызметі», «Ішкі істер органдарының қызметін IT-криминалистикалық қамтамасыз ету (цифрлық криминалистика)» және «Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету қызметі» бағыттары бойынша мамандар даярланады.

Ведомстволық жоғары оқу орындарында білім алу мемлекеттік грант негізінде жүзеге асырылады. Білім алушылар жатақханамен қамтамасыз етіліп, шәкіртақы алады, тамақпен және заттай үлеспен қамтылады, медициналық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ заманауи аудиторияларда білім алып, спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігіне ие болады. Оқу кезеңі мерзімді әскери қызметке теңестіріледі, ал оқуын аяқтаған түлектер 100 пайыз жұмысқа орналастырылады. Түлектерге «Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс» бакалавры дәрежесі беріліп, «полиция лейтенанты» арнайы атағы табысталады. Қызметке орналасқаннан кейін тұрғын үй ақысы төленеді.

Оқуға 16 мен 25 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Үміткерлердің орта білімі болуы, сотталмаған болуы, денсаулығы медициналық комиссия қорытындысы бойынша жарамды деп танылуы қажет. Сонымен қатар бой талаптары сақталуы тиіс:
-қыздар үшін кемінде 160 см,
- ұлдар үшін кемінде 170 см.
Қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі және үміткерлер медициналық, физикалық, психофизиологиялық іріктеуден өтеді, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері ескеріледі. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50 балл жинау қажет, әр пән бойынша кемінде 5 балл, ал оқу және математикалық сауаттылықтан кемінде 3 балл болуы тиіс. Конкурстан тыс қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары, Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар, «Алтын белгі» иегерлері және ҰБТ нәтижесі 100 баллдан жоғары тұлғалар қабылданады. Ал «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» және «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы бар үміткерлер дене шынықтыру бойынша іріктеуден босатылады.
Қосымша ақпаратты Атырау қаласы, Әбілхайыр хан даңғылы, 55 мекенжайында орналасқан Атырау облысы Полиция департаментінен немесе 98-26-12, 98-21-07, 8-775-579-69-09, 8-702-436-40-73 байланыс нөмірлері арқылы алуға болады.


