Атырау қаласында 16 мамыр күні Plogging — жүгіру мен қоқыс жинауды біріктіретін заманауи экологиялық қозғалыс өтеді. Қатысушыларды жай ғана жүгіру немесе қарапайым сенбілік емес, экологиялық маңызы бар белсенді демалыс форматы күтеді.
Іс-шараны “JER ECO HUB” экологиялық жобасының қатысушылары ұйымдастырады. Бұл бастама жастардың экологиялық жобаларын қолдау және дамытуға бағытталған және «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Іс-шара «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Теңізшевройлдың» қолдауымен өтеді.
Жобаның жаңа маусымына 20-дан астам қоғамдық ұйым өкілдері, эко-белсенділер және жастар қозғалысының көшбасшылары қатысты. Негізгі мақсат — жастарды өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге тарту, сондай-ақ экологиялық бастамаларды дамыту мен кеңейтуге арналған платформа құру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба өткен жылы да айтарлықтай нәтиже көрсеткен: эко-хакатонға 173 жас қатысып, 40 команда құрылған, олардың 7 бастамасы үздік жоба мәртебесін алған.
Сәтті жобалардың бірі — ауа сапасын жақсартуға бағытталған “Shyraq” жобасы. Оның аясында Еркінқала ауылындағы мектепте «оттегі дәлізі» — ауаны табиғи түрде тазартып, көмірқышқыл газын сіңіретін жасыл аймақ жасалған.
Екінші маусымда жобаның ауқымын кеңейтіп, мектеп оқушыларын да тарту жоспарланып отыр. Жыл бойы шамамен 60 білім беру семинары, қаланы көгалдандыруға бағытталған экологиялық акциялар және практикалық іс-шаралар өткізу көзделген.
Ұйымдастырушылар Plogging жобасы жастардың тұрақты экологиялық қауымдастығын қалыптастыруға және өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамалар сериясының бір бөлігі болатынын атап өтті. Қатысушыларды жүгіріске қосылып, қаланың тазалығына өз үлесін қосуға шақырады.
Жүгірістің басталуы: 08:30 Жиналу орны: З. Гүмарова көшесі, 94


