Атырау қаласында жастар мен шығармашыл қауымға арналған ATYRAU CREATIVE HUB өз жұмысын бастады. Жаңа орталық өңірдегі креатив индустрияны дамытуға, жас таланттардың әлеуетін арттыруға және заманауи идеяларды жүзеге асыруға бағытталған.
Хаб өкілі Дәурен Сейітқалиевтың айтуынша, мұнда медиа, дизайн, ІТ және кәсіпкерлік бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қатысушылар өз жобаларын ұсынып, кәсіби мамандардан кеңес алып, түрлі шеберлік сағаттары мен оқыту тренингтеріне қатыса алады.
Еркін форматта өткен кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар департаментінің директоры Айгерім Жонкина бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің 20 өңірінде осындай креатив хабтар ашылып, жұмысын бастап үлгерген. Енді бұл қатарға Атырау қаласы да қосылып отыр.
Мамандардың пікірінше, креатив хаб шығармашыл жастардың жобаларын дамытуға, оларды коммерцияландыруға және кең аудиторияға танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл алаң стартап бастамаларды қолдауға және жаңа идеялардың іске асуына жол ашады.
Жаңа орталық жастардың белсенділігін арттырып, өңірдің шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Нұргүл Насыр


