Атырау қаласында «Atyrau Iron Team» спорт клубының ұйымдастыруымен триатлоннан жарыс өткізілді. Жарысқа 80-нен астам спортшы қатысып, жүзу, велоспорт және жүгіру сайыстарында өз шеберліктерін көрсетті. Іс-шара «Нашақорлыққа қарсы» ұранымен ұйымдастырылып, қала тұрғындарының, әсіресе жастардың, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Басты мақсат – спорт арқылы есірткіге қарсы қоғамдық сананы арттыру және белсенді өмір салтын дәріптеу.
Жарыс барысында қатысушылар спорттық төзімділікті, күш пен ептілікті ғана сынап қоймай, командалық рух пен спорттық мәдениетті де көрсетті. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
- Бүгінгі триатлон жарысы – тек спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – нашақорлыққа қарсы күресті қолдаудың маңызды құралы. Біз жастарды спортқа, белсенді өмір салтына тарту арқылы олардың денсаулығын нығайтып, нашақорлыққа қарсы санасын қалыптастыруға ат салысамыз. Әрбір қатысушының жеңісі – бұл тек жеке жетістік емес, сонымен бірге салауатты өмірге бастар жолдағы үлгі. Сондықтан біз осындай спорттық іс-шараларды қолдауды әрі қарай да жалғастырамыз, – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов.


