Атырауда «5 минуттық құндылық» жобасы енгізілді

Атырауда «5 минуттық құндылық» жобасы енгізілді
(0 Votes)

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жаңа профилактикалық жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізілуде.

Атырау облысында осы бағытта «5 минуттық құндылық» жобасы қолға алынған. Жоба 235 мектеп пен 154 мың оқушыны қамтыды.

Жобаның ерекшелігі — әр сабақтың алдында қысқа уақыт ішінде белгілі бір құндылықты талқылау. Бір күн ішінде барлық пәнде бір тақырып (мысалы, тәртіп, жауапкершілік, құрмет) қарастырылады. Мұғалімдер оны өз сабағына байланыстырып, өмірлік мысалдар арқылы түсіндіреді.

Сабақтар пікірталас, шағын әңгіме, ойын элементтері және бейнероликтер көрсету арқылы өткізіледі. Бұл тәсіл құндылықтарды жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде тәрбиелік жұмыстардың көлемі айына 180 минуттан 500 минутқа дейін артқан. Сауалнама деректеріне сәйкес, оқушылардың басым бөлігі жобаның тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өткен. 

Сонымен қатар, Қызылорда облысында «AdalBala» цифрлық платформасы іске қосылған. Жоба оқушылардың құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға бағытталған.

Платформада буллинг, киберқауіпсіздік, қаржылық сауаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет сияқты тақырыптар интерактивті форматта түсіндіріледі. Жоба 300 мектеп пен 180 мың оқушыны қамтыған.

Прокуратура мәліметінше, мұндай жобалар құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта аталған бастамаларды еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Серікбол ПАНАБЕРБИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT