Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Серік Шәпкенов әр салада еңбек етіп жүрген нәзікжандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

-Бұл мерекені ерлер қауымы да асыға күтеді. Өйткені, бізге өмір сыйлаған аналарымызды, апа-қарындас, жалпы барлық нәзікжандыларды құттықтап жатамыз. Сондықтан көгілдір көктемнің ең сәулелі мерекесінде баршаңызға бек ризашылығымды білдіремін. Әрқашан да көңілдеріңіз осы жыл мезгіліндей болып, құлпырып, жайнап, жадырап жүре беріңіздер! Бүгінде әйел заты араласпайтын сала жоқ. Бір ғана статистика бәраз нәрсені аңғртады: соттың 80 пайызы әйелдер екен. Олар әділ шешім шығаратындықтан сондай жауапты қызметке жібереді. Елімізде гендерлік саясатқа айрықша назар аударылады. Әйелге құрмет барлық жерде болуы тиіс. Басшылық лауазымда еңбек етіп жатқан нәзікжандылар жетерлік. Кәсіпкер-әйелдер мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Қысқасы, олардың облыс экономикасында рөлі зор. Соңғы жылдары қаншама заңдарға өзгерістер енгізілді. Әрине, өмір болғаннан кейін түрлі тұстары кездеседі. Енді заң күшейтілді, — деді ол.

Жүрекжарды лебізін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов жеткізді. «Қазақ қоғамында әйел-ананың орны қашанда ерекше. Сіздер отбасының берекесі мен бірлігінің ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегісіздер. Еліміздің дамуына, қоғамның өркендеуіне қосып жүрген еңбектеріңіз зор. Қай салада жүрсеңіздер де табандылық пен парасаттылықтың, мейірім мен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер.
Әсіресе, бүгінгі буынға өнеге болып отырған ардақты аналар мен ардагер апаларымыздың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-парасаты – қоғам үшін баға жетпес қазына»,-деді ол.
Мерекелік жүздесу барысында әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мәдина Ғабдісәлімова тәуелсіздік жылдарында облыс экономикасының өркендеуіне үлес қосқан нәзікжандылар жайында кеңірек тоқталды. Айтулы мерекеде қыз-келіншектерге құрмет көрсеткені үшін облыс басшылығына алғысын айтты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мәслихат депутаттарының 24% — әйелдер, саяси партиялардағы әйелдер үлесі 59,3%құрады. Мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестерде әйелдердің өкілдік етуі 30 пайыздан асып отыр. Жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметтегілердің 39% — қыз-келіншектер.
Сондай-ақ, квазимемлекеттік органдарда 70 пайыз, шағын және орта кәсіпорындар мен ұйымдарда 25,2 пайызәйелдер басқарады.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің 60%, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 90% және білім беру саласы қызметкерлерінің 92% — әйелдер.
Соңғы мәлімет бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 70 046 дара кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде 45 пайызы әйел кәсіпкерлерге тиесілі.
Кездесу кезінде қоғам белсендісі Гүлназ Қосмұрзиева өмірдің әр сәтін бағалай білуге шақырса, ақын Бақытгүл Бабаш жүректен шыққан жыр жолдарын оқып берді.
Мерекелік жүздесуде қатысушылар қазіргідей әлемде болып жатқан аласапыран кезеңде ең басты құндылығымыз — бейбітшілігіміз бен тыныштығымызға сызат түспесін деген шынайы тілектерін атап айтты.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


