Атырау облысының әкімі арнайы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

(0 Votes)

№3 мектеп-интернат орналасқан ғимарат 1971 жылы салынған. Күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізіліп, 2023 жылы акт залы, асхана және жуынатын бөлмелер жөнделген. 2025 жылы ғимарат апат алдындағы жағдайда деп танылды.

 Жаңа оқу жылында интернатта 216 бала білім алады. Тәрбиеленушілер алты мезгіл тегін тамақпен, жатақханамен және тасымалмен қамтамасыз етілген.

— Орын тапшылығына қарамастан, облысымыздағы психикасы мен тілінің дамуында кідірістер бар балаларды оқытуға қажетті жағдай жасап отырмыз. Тәрбиеленушілеріміздің көбі түзету жұмыстарынан кейін жалпы білім беретін мектептерде оқуын жалғастырады,— деді №3 мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Гаухар Қазиева.

Болат Ақшолақов ғимараттың жағдайын техникалық зерттеу қорытындысын жан-жақты зерделеуді, осындай күйге жетуіне не себеп болғанын анықтауды және оны әрі қарай пайдалану, қайта жаңғырту немесе ауыстыру жөнінде нұсқалар ұсынуды тапсырды.

“Самал” шағынауданында 600 орындық жаңа интернат ғимаратын салу жоспарда бар. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

 Облыс әкімі Денсаулық сақтау министрлігімен бірге балалар арасындағы тіл кемістіктері, аутизм және нейродамудағы басқа да ауытқулардың анықталуы мен таралу динамикасын талдауды, олардың өсуіне түрткі болатын ықтимал себептерді зерделеуді және олардың алдын алу, ерте анықтау және түзету бойынша шаралар әзірлеуді жүктеді.

 Аймақ басшысы бұдан кейін биыл 1 маусымда пайдалануға берілген “Алмалы” мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығына барды. Нысан 150 адамға шақталған және бүгіннің өзінде 120-дан астам пациент қабылдайды. Орталықтың ашылуы оңалту қызметтерімен қамтудың жылдық көрсеткішін 1 100-ден 2 300 адамға дейін көбейтуге мүмкіндік берді.

 Орталықта денсаулығында түрлі ауытқуы бар балалар мен ересектерге көмек көрсетіледі. Оңалту бағдарламалары 120-дан астам маманның күшімен іске асады, оның ішінде дәрігерлер, психологтар, логопедтер мен дефектологтар бар.

 Облыс әкімі нысанды аралап шығып, ситуациялық орталық шеңберінде өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бірыңғай тізімін қамтитын цифрлық карта жасап, оған ғимараттардың техникалық жағдайы, тозу деңгейі, зерттеу нәтижелері, жүргізілген және жүргізуді қажет ететін жұмыстар жайында ақпараттар енгізуді тапсырды.

 Бұл проблемалы нысандарды алдын ала анықтауға, жөндеу және құрылыс жұмыстарына берілетін басымдықты белгілеуге, жобалық құжаттаманы уақтылы дайындауға және бюджет шығындарын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT