Атырау облысында мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру және қоғамдық салаларға заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірдегі өзекті картографиялық ақпаратты ұсынатын Геоақпараттық порталдың функционалы кеңейтіліп, мемлекеттік қызметтерге арналған цифрлық платформаға айналды.
Бұл туралы Цифрландыру орталығы КММ Байланыс бөлімі басшысы Шынар Амангелдиева айтты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Геоақпараттық портал негізінде 2023 жылғы 9 қазаннан бастап Атырау және Құлсары қалаларында жер учаскелерін электронды түрде беру бойынша пилоттық жоба іске асты.
Порталдың функционалы кеңейтіліп, «Атырау жастары» бағдарламасына өтініш қабылдау процесі де цифрландырылды. 2024–2026 жылдары бағдарлама аясында 1 063 өтініш қабылданып, нәтижесінде Атырау қаласында 121, аудандарда 46 тұрғын үй берілді.
– Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға арналған жеңілдетілген несие беру және білім беру гранттарын тағайындау қызметтері де цифрлық форматқа көшірілді. Тұрғын үй бағдарламасы бойынша 370 өтініш қабылданып, оның 43-і қанағаттандырылды. Ал білім беру гранттарын тағайындау бойынша портал арқылы 480 өтініш түсіп, 202 грант берілді, – деді Ш. Амангелдиева.
Қауіпсіздік саласында да цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып отыр. Қазір облыс аумағында 68 587 бейнекамера жұмыс істейді. Оның 20 461-і Жедел басқару орталығына қосылған. Былтыр Атырау қаласында 1 790 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл тағы 1 780 камера орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Target EYE» жүйесінде бейнеаналитикаға арналған 500 лицензия қолданылады. Жүйе бет-әлпетті, көлік құралдары мен мемлекеттік нөмірлерді тану, көліктің түсін, маркасы мен моделін анықтау, қоқыстың белгіленбеген орындарға тасталуын және адамдардың шоғырлануын анықтау функцияларын қамтиды. Бұл технологиялар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне бағытталған.
Білім беру саласында да цифрлық қызметтерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдардың бірыңғай тізімін жүргізу, балаларды кезекке қою және балабақшаға қабылдау бойынша мемлекеттік қызметтер «INDIGO» жүйесі арқылы электронды түрде көрсетіледі.




