Атырауда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны мен «Спецавтобаза» ЖШС өндірістік базасының 2027–2028 жылдарға арналған экологиялық жобасы қоғамдық тыңдауға шығарылды.
Құжатта кәсіпорыннан ауаға тарайтын ластаушы заттардың көлемі есептелген, деп хабарлайды AtyrauPress.
Негізгі көлем қоқыс полигонына тиесілі
Құжаттағы мәлімет бойынша, 2027 жылы қоқыс полигонынан ауаға 2126,9 тонна, ал 2028 жылы 2271,7 тоннаға дейін ластаушы зат бөлінуі мүмкін.
Ал «Спецавтобазаның» өндірістік базасындағы жылдық шығарындылар көлемі 13,7 тонна шамасында есептелген.
Жоба әзірлеушілері кәсіпорын мен полигоннан ауаға тарайтын 33 түрлі ластаушы затты есепке алған. Олар қауіптіліктің 1-ден 4-ке дейінгі санаттарына жатады.
Қазіргі кезде кәсіпорында ауаға шығарындылар тарайтын 19 тұрақты көз бар. 2027–2028 жылдары олардың саны 21-ге жетеді деп көрсетілген. Оның бір бөлігі өндірістік базаға, қалғаны қоқыс полигонына тиесілі.
Полигон - қаладан бес шақырым жерде
Қоқыс полигоны Атырау қаласынан солтүстік-батысқа қарай, Атырау–Орал тасжолының бойында, қаладан шамамен 5 шақырым жерде орналасқан. Қоқыс сұрыптау қондырғысы үшін санитарлық-қорғау аймағы 2 шақырым деп белгіленген.
Жобада жүргізілген есеп бойынша, ластаушы заттардың мөлшері санитарлық-қорғау аймағының шекарасы мен тұрғын аумақта белгіленген нормадан аспайды.
Қоғамдық тыңдау 28 қазанда өтеді
Бұл жаңа қоқыс полигонын салу жобасы емес. «Спецавтобаза» 2027–2028 жылдары жұмыс істеген кезде ауаға қанша ластаушы зат шығаруға рұқсат етілетінін белгілеу үшін экологиялық рұқсат алмақ.
Қоғамдық тыңдау 28 қазан күні сағат 16:00-де Атырау қаласындағы Бақтыгерей Құлманов көшесі, 111Б мекенжайындағы «Beluga» қонақүй кешенінің конференц-залында өтеді. Оған тұрғындар да қатысып, жоба бойынша сұрақтары мен ұсыныстарын айта алады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ



