«Infinity Mall» сауда-ойын-сауық орталығында Ішкі саясат басқармасына қарасты Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Тұлға бол» атты көшпелі кеңес беру жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Іс-шара 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға арналды және оларды мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, білім алу және жеке кәсіпті дамыту жолдары туралы ақпараттандыруды мақсат етті.
Жәрмеңке аясында қатысушылар мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдерінен кеңес алды. Олардың қатарында «Отбасы банк» АҚ, Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы және микроқаржы ұйымдары болды.
Жастар арасында бизнес пен кәсіпкерлік белсенділікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Еркебұлан Бадел жас кәсіпкерлерге арналған қолданыстағы қолдау шаралары, қолжетімді гранттар мен оқыту бағдарламалары туралы айтып, қатысушыларға өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін бағалауға көмектесті.

«Бүгінде жастар тарапынан кәсіпкерлікке қызығушылық жоғары екенін байқап отырмыз. Осындай алаңдарда тек қолдау бағдарламалары туралы айтып қана қоймай, жастарға идеядан бастап оны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі алғашқы қадамдарын жасауға көмектесу маңызды. Біз бизнес ашу, қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес беріп, жобаларды барлық кезеңде сүйемелдейміз», — деді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көшпелі іс-шаралар әсіресе шалғай аудандардағы жастарды көбірек қамтып, оларды өзекті ақпаратпен және кәсіби кеңеспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ


