Айналаңды таза ұстамасаң айыппұл төлейсің

Айналаңды таза ұстамасаң айыппұл төлейсің
(0 Votes)

Тазалық ең алдымен өзіміз үшін қажет. Туған жеріміз құлпырып, айналамыз тап-таза болып тұрса қандай ғанибет. Өкінішке орай соны сақтай бермейміз. Тіпті тазалап кеткен жерді қайта бүлдіре салатындар бар. 

Енді олай болмайды.  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 282 бұйрығы — «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» нормативтік құқықтық акті  1 шілдеден  бастап қолданысқа енгізілді. Көрдіңіз ғой, енді айналаңызды таза ұстамасаңыз  айыппұл төлейсіз. Қағиданың негізгі талаптарына  тоқталсақ жеке үй иелерін  өздері тұратын баспананың  қасбетін, қақпасы мен қоршауын таза ұстауға, жөндеуге, нөмірлік белгіні іліп қоюға міндетті. Аумақты күтіп ұстауға – іргелес аумақтағы қоқыстарды уақытында тазалау, арамшөптерді шабу  және жасыл желектерді баптау кіреді. Аталған құжатта: « 24) Іргелес аумақ – ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының шекараларына, сауда, жарнама объектілеріне  және заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі, жалдауындағы, балансындағы өзге де объектілерге тікелей іргелес жатқан аумақ (периметрі бойынша 5 метр шекарада). Тыйым салынған әрекеттер: Іргелес аумақта құрылыс материалдарын, көліктерді (тіркемелерді), отын мен қоқысты сақтауға қатаң тыйым салынады» деп атап көрсетілген. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 282 бұйрығына сәйкес тұрғындар өз үйлері, қоршаулары немесе өзге де нысандарына іргелес 5 метр аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге – шөпті уақытылы шауып, қоқысты жинап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауы керек. Қоқысты арнайы орынға тастамаған жеке тұрғынға салынатын айыппұл – 43250 теңге болса, кәсіпкерлік субъектілеріне  – 1 297 500 теңгеге дейін.   

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының  505 бабына сәйкес 1 рет ескерту беріліп, қайталаған жағдайда айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшерін  де айта кетейік. Қалалар мен елді мекендердің  аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылымы  нысандарын  қирату, жасыл екпелерін жою және бүлдіру ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады. Осы баптың екінші бөлігінде жоғарыда көрсетілген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін  жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл  салынады. Аталған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының  729 бабына сәйкес 1 ,3 тармақтарына басшылыққа алып  аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкіміне өз құзыреті шегінде әкімшілік хаттама толтыру және  айыппұл салу құзыреті берілді. Еске сала кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда  айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 4325 теңге болып белгіленді.

Ауыл тазалығы – әр тұрғынның  ортақ  жауапкершілігі екенін естен шығармайық!  Сондықтан оны назарда ұстайық. 

Марат Хасанов,

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT