ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ
(0 Votes)

 Ауданымыздағы Мақат футзалынан түлеп ұшқан талантты жастар бүгінде үлкен додада өздерін дәлелдеп келеді. 

Соның жарқын мысалы - жақында Атырау облысы құрамасының ойыншылары, жерлестеріміз Расул Ерболұлы мен Жанмұрат Амандосов, сондай-ақ академия тәрбиеленушісі Нияз Алпысбайдың футзалдан 19 жасқа дейінгі Еуропа чемпионаты аясында Қазақстан ұлттық құрамасына (U19) шақырту алуы.

Бұл – тек жас спортшылардың ғана емес, ауданымыздағы бұқаралық спорт пен футзалдың қарқынды дамуының нәтижесі.

 Жасөспірімдер арасындағы жүйелі жаттығу мен білікті бапкерлердің еңбегі – осындай жетістіктердің негізі болып отыр. Мақат футзалы соңғы жылдары талай дарынды ойыншыларды тәрбиелеп, облыстық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Расул Ерболұлы мен Жанмұрат Амандосов – алаңдағы шапшаңдығы мен техникалық шеберлігі арқылы ерекшеленсе, Нияз Алпысбай – академиядан шыққан болашағы зор жас ойыншылардың бірі. Олардың ұлттық құрама сапына шақырылуы – үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді. Бұл мүмкіндік жас спортшылар үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан өсуге жол ашпақ.

Жалпы, Қазақстанның U19 құрамасының Еуропа чемпионаты аясындағы ойындары ел спорты үшін маңызды кезеңдердің бірі. Мұндай жарыстар жас футболшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың халықаралық аренада тәжірибе жинауына ықпал етеді.

 Алдағы уақытта да Мақат жерінен шыққан таланттардың саны артып, олар әлемдік ареналарда ел абыройын асқақтата береді деп сенеміз.

С.Бекарыс

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT