Татамиде тайсалмаған Інжу

Татамиде тайсалмаған Інжу
(0 Votes)

Атыраулық жас дзюдошы Інжу Жұмажан Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы жарыстың бірнеше кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық белдесуге дейін жетті.

2026 жылғы 20–23 тамыз аралығында өткен дүбірлі додаға әлемнің әр елінен келген жас дзюдошылар қатысты. Қазақстан құрамасының сапында татамиге шыққан Інжу Жұмажан жарыс жолын сәтті бастап, жауапты белдесулерде шеберлігін танытты.

Атыраулық спортшы Перу, Өзбекстан, Франция және Германиядан келген спортшы қыздармен белдесті. Қарсыластарының барлығын жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ақтық сында Польшаның спортшысымен белдестім. Дегенмен одан есе жіберіп, күміс жүлде бұйырды. Бұйырса, келесі додада міндетті түрде алтын медаль аламын деген сенімдемін, – дейді жеңімпаз.

Жас спортшы дзюдомен жеті жасынан бастап айналысқан. Осы уақыт ішінде тұрақты жаттығып, түрлі жарыстарда тәжірибе жинап, спорттық шеберлігін шыңдап келеді. Әлемдік додадағы нәтижесі – бірнеше жылдық еңбегі мен табандылығының жемісі.

Жарыстан кейін туған жеріне оралған Інжуді әуежайдан жақындары және спорт саласының өкілдері күтіп алды.

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов спортшының нәтижесін жоғары бағалап, бұл жетістікті өңірде балалар спортына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі ретінде атап өтті.

– Інжудің жеңісі – тарихи жеңіс. Мұны спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Балалар спортын қолдауға барлық жағдай жасалған. Біз спортшыларымызды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Алдағы уақытта да әлемдік деңгейде жетістіктеріміз көп болады деген сенімдемін, – деді Нұрбол Тұрарұлы.

Жас спортшыны айтулы жетістігімен құттықтаймыз! Алдағы додаларда сәттілік серік болып, көк туымызды биікте желбірете берсін!

Ботагөз ИСАТАЙ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT