Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жалпыкомандалық есепте Бас жүлдені иеленген атыраулық оқушыларды Атырау теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алды.
Дарынды оқушыларды қарсы алу шарасына ата-аналар, ұстаздар, білім саласының өкілдері қатысты.
Республикалық білім додасында өңір намысын қорғаған оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, 4 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Шара барысында жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, олардың жетістігі — Атырау облысының білім саласындағы үлкен табыс екені атап өтілді. Ұстаздар мен ата-аналар жас дарындарға ізгі тілектерін білдіріп, алдағы халықаралық білім бәйгелерінде де биік белестерді бағындыруына сенім білдірді.

Айта кетейік, республикалық олимпиадада І орын иеленген оқушылар қатарында №1, №2 «Білім-инновация» лицей-интернаттарының оқушылары Шамаров Амир, Жанкельды Артур, Кенжебай Дінмұхаммед және Құрманғазы ауданы Фариза Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Мұзафар Айзере бар.
Атыраулық оқушылардың бұл жетістігі — жүйелі білім мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі.


